Наурызбай ауданында жаңа емханалар ашылады

29.02.2024 16:47

Бұл туралы Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде мәлімдеді

Unsplash

Алматының Наурызбай ауданында алғашқы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2024 жылдың қыркүйегінде басталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алматының Наурызбай ауданындағы емханалардың жетіспеушілігі мәселесін шешу және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру үшін 2024 жылдың қыркүйегінде Құрамыс және Шұғыла шағынауданында 500 адам қабылдайтын екі жаңа емхана және Ақжар шағынауданында 200 адам қабылдайтын 1 дәрігерлік амбулатория салу жоспарланған. Бұл туралы әкім Ерболат Досаев тұрғындармен кездесуде мәлімдеді.

- Наурызбай ауданының аумағында алғаш рет қыркүйек айында Шұғыла шағынауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр, - деді қала басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Алматыда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері балалар мен жастарды қолжетімді спорт секцияларымен қамтамасыз ету, сонымен қатар, халықты салауатты өмір салтына тарту үшін салынып жатыр.

2022 жылы Алматыдағы Айнабұлақ, Кемел және Құлагер шағын аудандарында 3 жаңа кешен ашылды, бүгінде олар штаттық режимде жұмыс істейді. 2023 жылы Алатау және Зерделі шағынауданында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.

2024 жылы мегаполистің Түрксіб, Медеу, Алатау аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашу жоспарланған. Жаңа нысандар күн сайын барлығы 2000-нан астам адамды қабылдай алады.

Бұдан басқа, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт орталығының, жеңіл атлетика манежінің, «Медеу» БТСК жаңғырту және Орталық стадионның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізіліп жатыр.

Оқи отырыңыз: Ақжар шағын ауданында спорт кешенінің құрылысы басталады