Алматының хайуанаттар бағы еуростандарттарға сай болады. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Сейілхан Ақылбеков айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Осы айда онда көкөніс қоймасы бар жем-шөп блогының құрылысы басталатыны белгілі болды.
Хайуанаттар бағы директорының хабарлауынша, биыл 21 жануардан 33 төл алынған.
«Бізде көк қошқар, пони, кенгуру, жайра, мысық лемурлары, ала бұғы, қодас, Чапман зебрасы, сусиыр, қарақұс балапандары, құмай, жапон тырнасы, тау қазы, африкалық сұр жылан және т.б. төлдері туды», - деді С. Ақылбеков.
Хайуанаттар бағындағылар жануарлардың ауыруы мүмкін екенін жасырмайды, биыл 55 бас жануар ауырды, бұл жалпы жануарлардың 1%-дан сәл астамы. Тәжірибелі ветеринарлар асыраудағы жануарларға күтім жасайды және емдейді.
Салынып жатқан көкөніс қоймасына келетін болсақ, ол қосалқы шаруашылық егістіктерінен және күзде арзандатылған бағамен сатып алынған көкөністер мен жемістерді сақтауға мүмкіндік береді, бұл хайуанаттар бағының азығына қаражат үнемдейді.
Сонымен қатар «Африкалық саванна» кешенін салу жоспарлануда, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оның құрылысына конкурс ұтып алынды. «Африкалық саванна» кешенінде 100-ге жуық жануардың 25 түріне дейін көрсетіледі.
«Африкалық саванна» жаңа экспозициясы пайдалануға берілгеннен кейін жануарларды ұстау шарттары табиғи мекендеу ортасына барынша жақын болады, онда бір алаңда жануарлардың бірнеше түрі ұсталатын болады. Қызмет көрсететін қызметкерлердің еңбек жағдайлары, сондай-ақ келушілерге қолайлы жағдай жасалып, олардың қызығушылығы ескерілетін болады. Бұл экспозиция жыл бойы жұмыс істейтін болады, бұл келушілер санының артуына әсер етеді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2024 жылға жоспарлап отырмыз», - деп жалғастырды хайуанаттар бағының директоры.
Сондай-ақ хайуанаттар бағында жалпы аумағы 1,5 гектар болатын «Арктика» кешені салынады. Онда табиғи ортаға барынша ұқсастырылған жағдайлар жасалады. Осының арқасында хайуанаттар бағы ақ аюлардың жас жұбын сатып ала алады.
Сонымен қатар, қар барысы мен сілеусінге арналған қоршау салынады. Жаңа қоршаулар Алматы қаласы мен Іле Алатауы тауларының символы – қар барысын көрсетуге мүмкіндік береді. Жабайы жануарларды барынша табиғи жағдайда ұстау әрқашан хайуанаттар бағына келушілер мен жануарлар әлеміне қызығатындардың көңілінен шығады, дейді спикер.
«Хайуанаттар бағының басшылығы 2024 жылы «Тропикалық жұмақ немесе маймылдар елі», «Мадагаскар», «Қазақ даласы» кешендерінің құрылыс жобасын жасауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, жаңа ветеринарлық клиника салу, жабайы жануарларды реинтродукциялау орталығы жобалары жасалмақ. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін хайуанаттар бағының жалпы аумағының 70 %-ы реконструкцияланады», - деп қорытындылады Алматы хайуанаттар бағының директоры.