Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесіп, жиналған азаматтардың сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Мен Қарасу шағынауданынан келіп тұрмын. Су және кәріз құбырларын біздің Шаяхметова көшесінің басында салғалы жатыр. Енді бізде су болмай жатыр, таңертең 8-де өшкен су кешкі 20:00-де бір-ақ қосылады. Осы мәселені шешіп берсеңіздер", - деді аудан тұрғыны.
Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев шағынауданға арнайы комиссия жіберетінін айтты.
"Қарасу шағынауданынан су екі жерден келіп жатыр: жекеменшік «Қарасу» бар және қалалық «Алматы су». Мен сіздерге келесі аптада арнайы комиссия жіберейін. Қай үйлерге қайдан және қалай су келіп жатқанын тексерейік. «Алматы суға» толық қосылу жұмыстарын жыл соңына дейін бітіреміз. Бірақ бір оператордан екіншісіне өту оңай жұмыс емес. Сондай-ақ, аудан әкіміне тапсырма беремін, ендігі жетіде сіздерге барады", - деп жауап берді мегаполтс басшысы.