«Таза Қазақстан» республикалық науқаны және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында, науқанға қатысқысы келетін және үлес қосқысы келетін қала тұрғындарының өтінішінің көптігіне байланысты Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Жақыныңа жәрдем бер» акциясын өткізеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Акцияның мақсаты – қаланың жеке секторында тұратын жалғызбасты зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар қарт адамдардың ауласын тазалауға және көркейтуге көмек көрсету.
Бүгін волентерлар мен қоғам белсенділері Алмалы ауданында тұратын зейнеткер Алевтина Цойға көмектесті. Олар аула ішіндегі қоқыстарды тазалап, көше сыпырып, өсіп кеткен шөптерді шауып, гүлдердің түбін қопсытты.
- Белсенділер ардагерлеріміздің аулаларын тазалап, қоқыстарды шығарып, қарттарымызға жайлы жағдай жасауға тырысты. Біз осындай азғантай ғана жұмысымыз арқылы олардың көңілін көтердік деген үміттеміз, – деп бөлісті Алматы қаласы еріктілер фронт-офисінің басшысы Бағдат Анарбаева.
Науқан барысында ардагерлер, жалғызбасты зейнеткерлер, халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 115 үйдің аулаларын жинауға 876 волонтерлар мен белсенділер атсалысты. Жеке үйлердің аулалары жиналып, қоршаулары боялды. Аула ішіндегі ағаштар бұталып, түптері ағартылды. Сонымен қатар гүл отырғызылып, аула ішіндегі өзге де жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қаланың қай ауданында қанша ерікті жұмыс істеді:
Алатау ауданы - 15 үй, 96 ерікті,
Түрксіб ауданы - 13 үй, 98 ерікті,
Алмалы ауданы - 49 үй, 290 ерікті,
Жетісу ауданы - 8 үй, 42 ерікті,
Бостандық ауданы - 6 үй, 37 ерікті,
Әуезов ауданы - 10 үй, 150 ерікті,
Наурызбай ауданы - 13 үй, 153 ерікті.
Акция жалғасуда, тағы 93 үйді қамту жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында Алматыда «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Әрбір тұрғын қаланың дамуы мен абаттандырылуына өз үлесін қоса алады.
Барлық ақпарат almaty.kz сайтында, Алматы әкімдігінің әлеуметтік желілерінде орналасқан. Сондай-ақ, веб-сайтқа арнайы QR-код арқылы қала бойынша орналастырылған баннерлерде, плакаттарда және афишаларда кіруге болады.
Науқанның белсенді қатысушыларына арналған әлеуметтік желідегі хэштегтер: #АлматыНашОбщийДом, #НасМногоГородОдин, #АлматыБіздіңОртақҮйіміз, #БізКөппізҚалажалғыз.
Оқи отырыңыз: «Алматы – біздің ортақ үйіміз»: таудан, өзен-көлдерден 20 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды