Биыл Жеңіс күніне орай Алматыда соғыс ардагерлеріне 1,5 млн теңге төлеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Алдымызда соғыс ардагерлерінің қатары, өкінішке қарай, жыл сайын азайып келеді. Өткен жылдары оларға материалдық көмек көрсетілді. Білейін дегенім, биыл соғыс ардагерлеріне көмек қарастырылған ба? Ауған ардагерлеріне де қандай да бір көмек көрсетіле ме?" - деді қала тұрғыны.
Қала әкімінің айтуынша, 9 мамырда дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта гүлшоғы қойылады, мерекелік концерт өтеді.
"9 мамыр - бәріміз үшін қасиетті мереке. Иә, өкінішке қарай, ардагерлеріміз жыл сайын азайып келеді. Алматыда 58 ардагер тұрады. Мен олардың мерекені аман-есен қарсы алғанын қалаймын. Әрбір ҰОС ардагеріне миллион теңгеден төлеуді жоспарладық. Ертең мәслихат отырысы өтеді, мен депутаттардан оларға 1,5 млн теңгеден төлеу үшін тағы 500 мың қосуды сұраймын.
Ауған жауынгерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және басқаларға да материалдық көмек көрсетеміз. 9 мамырда дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта гүлшоғы қойылады, мерекелік концерт болады. Біздің ардагерлерге қаланың барлық ауданында құрмет көрсетіледі. Біз бұл мерекеге ерекше дайындалып жатырмыз. Мерекеге өзі қатыса алмайтын ардагерлерге жеке көңіл бөлеміз. Аудан әкімдерімен бірге мен әрқайсысына барып, Жеңіс күнімен жеке құттықтаймыз", - деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.