Алматыда Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткіші ашылды. Түркия Республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара Мәдениет және Ақпарат министрінің қатысуымен кең көлемде атап өтілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Түркияның тұңғыш Президентінің ескерткіші Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы саябақ ішінде ашылды. Биіктігі 3 метр болатын архитектуралық құрылыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бой көтерген. Ашылу салтанатына министрлік, қала әкімдігі мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Алматының төрінде бүкіл қазақ-түрік жұрты үшін үлкен рухани маңызы бар тарихи сәтте бас қосып отырмыз. Мұстафа Кемал Ататүрік – бір халықтың ұлы болса да, көп халықтың тағдырына өшпес із қалдырған әлемдік тұлға. Бойында ұлттық рухпен бірге өркениеттің тұтас құндылығын, дәстүрмен бірге мәдениеттің жауһар үлгісін, заманынан озық ілім-білімін жиған ерекше тұлға, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Түрік елінің елшісі ашылған ескерткіштің қос ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсетініне тоқталып, өз алғысын білдірді.
– Қазақстан Президентінің басшылығымен қазақ елінің тарту еткен бұл сыйлығының біз үшін үлкен мәні бар. Түркияның 100 жылдығына ортақтасқандарыңызға алғыс білдіреміз. Бүгінгі салтанатты іс-шара тек ескерткіштің ашылуы ғана емес, екі ел арасындағы бауырластықтың белгісі. Өткен жылы елімізде болған зілзалада бауырлас қазақ халқының қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Түркия да қажет болған жағдайда Қазақстанның жанында әрдайым болатынын білгендеріңізді қалаймын, – деді Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу.
Түркияның негізін қалаушы, реформаторы әрі елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік 15 жыл ел басқарған. Тұғыры граниттен жасалған қола ескерткіштің авторы – қазақстандық мүсіншілер.
– Ұлы реформатор Ататүріктің ескерткіші ашылуы үлкен оқиға деп ойлаймын. Бұл екі халық ежелден де туыс халық. Енді туыстығымыз одан бері арта беретін түрі бар. Өйткені Түркияда да біздің Абайдың, Жамбылдың ескерткіштері, Абай атындағы көше бар, – деді Қазақстанның еңбек ері Дулат Исабеков.
– Мұстафа Ататүрік «Орта Азияда бір туған қазақ, өзбек, түркмен елі бар. Солардың қайсыбірі тәуелсіздік алғанда бірінші болып Түркия баруы керек» деп айтқан сөзі бар, – деді Түрксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев.
Еліміз тәуелсіздігін алғанда алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия Республикасы болды. Содан бері екі ел арасындағы тығыз байланыс үзілген емес. Мәселен, биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қазақстанда да бауырлас елдің 100 жылдық мерейтойына орай түрлі іс-шаралар ұйымдастыру жалғасады.
Жансая Олжабек, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Президент Ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты