2024 жылы Алматының Түрксіб ауданында Баум тоғайы, ҮАК және «Кіші Алматы» маңындағы аумақтарды абаттандыру басталады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түрксіб ауданында ағымдағы жылы Молдағалиев және Чехов көшелері бойынша жаяу-серуендеу аймағы абаттандырылды. Сондай-ақ №6 оқушылар үйінің жанындағы алаң қайта жаңартылды. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде аудан әкімі Бақытжан Ақжаров мәлімдеді.
- Бұл жобалар Сауранбаев көшесі бойындағы бұрын жабдықталған серуендеу аймағының қисынды жалғасы болды. Сонымен қатар әуежай алаңына субұрқақ, суару жүйесі орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды, - деді аудан әкімі Б. Ақжаров.
Оның айтуынша, аудандағы көптеген жобалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы бағдарламаның тиімділігін ескере отырып, Түрксіб ауданы үшін бөлінген қаражат сомасы 78 жобаны іске асыруға 1,7 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
- Бүгінгі таңда 65 нысан, оның ішінде аулаларды жарықтандыру бойынша 33 жоба, балалар алаңдарын салу бойынша 20 жоба, тереңдетілген қоқыс контейнерлерін орнату бойынша 11 жоба, жаяу жүргіншілер көпірлері мен жаяу жүргіншілер аймақтарын жөндеу бойынша 14 жоба аяқталды. Осы жылдың 20 желтоқсанына дейін тағы 13 жоба аяқталады, - деп бөлісті ол.
Сонымен қатар экология және қоршаған орта басқармасы Түрксіб ауданында бірнеше жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Баум тоғайы абаттандырылады: онда скандинавиялық серуендеуге арналған эко-жолдар пайда болады, сонымен қатар шағын архитектуралық пішіндер орнатылады. Үлкен Алматы каналының айналасындағы аумақта рекреациялық және жағажай аймақтары жабдықталып, жаяу жүргіншілер көпірлері жаңартылады. Сондай-ақ «Кіші Алматы» өзенінің бойындағы жаяу-серуендеу аймағы реконструкцияланады. Жобаларды іске асыру 2024 жылдың екінші тоқсанында басталады.
- Түрксіб ауданы қаланың ең жасыл аудандарының бірі болып саналады, мұнда 688 мыңнан астам ағаш өседі. Жыл сайын аумақты көгалдандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Тек 2020-2022 жылдар аралығында 66 мың жас ағаш отырғызылды, осы жылдың соңына дейін тағы 28 мың ағаш отырғызу жоспарлануда, оның ішінде 12 мыңнан астамы отырғызылды, - деді аудан басшысы.
Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында қандай әлеуметтік нысандар салынады