Жетісу ауданында 450 көпбалалы және аз қамтылған отбасыға көмек көрсетілді

28.04.2021 17:28

«Бақытты отбасы – Жетісу» орталығында қолөнер, пішу және тігу, визаж, шаштараз ісі, аспаздық өнер, маникюр және педикюр, кірпікті ұзарту бойынша білім алуға болады

almaty.tv

Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында ауданда 2101 көпбалалы отбасы тіркелгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Г.Көкебаеваның мәліметінше, 2021 жылдың бірінші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмекті 438 отбасы алды, оның ішінде: 149 көп балалы отбасы, 289 аз қамтылған отбасы.

Гүлнар Көкебаева көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы – Жетісу» әлеуметтік орталығының жұмысына егжей-тегжейлі тоқталды, оған биыл 1115 адам келген Орталық арқылы санаторлық-курорттық емделуге 47 бала жіберілді («Балдәурен» және «Алау» шипажайларына).

Әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі шешіліп жатыр. Бірінші тоқсанда бұл орталықта 164 ана тегін курстан өтті. «Бақытты отбасы – Жетісу» орталығында қолөнер, пішу және тігу, визаж, шаштараз ісі, аспаздық өнер, маникюр және педикюр, кірпікті ұзарту бойынша білім алуға болады.

Гүлнар Көкебаева биылғы жылы «Халық» қоғамдық қорының қолдауымен ауданның 215 отбасы азық-түлік жиынтығын алғанын хабарлады.

«Осы айда көп балалы және аз қамтылған отбасыларға «Халық» қоры есебінен 150 отбасыға азық-түлік жиынтығын беру жоспарлануда», – деп толықтырды Гүлнар Көкебаева.

Айта кететін жайт, ауданда «Алмалы» базарының аумағында аз қамтылған және көп балалы аналарға арналған тігін цехы ашылды. Базар басшылығымен келісім орнатылды. Демеушілік қаражат есебінен 10 тігін машинасы сатып алынды.

Сондай-ақ, Көкмайса шағын ауданында демеушілік қаражат есебінен жертөледе жөндеу жұмыстары жүргізілуде, онда балалардың шығармашылық орталығын ашу жоспарланған, онда балаларға хореография, ән айту, шахмат, тіл курстары бойынша үйірмелер жүргізілетін болады.

Қорытындылай келе, Жетісу ауданының әкімі ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау туралы айтып берді.

«Qoldau кәсіпкерлік орталығы базасында биылғы жылы кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша 14 әйел кеңес алды, оның ішінде 4 әйелге бизнес жоспарды әзірлеуге көмек көрсетілді. Рұқсат құжаттары бойынша 23 әйелге кеңес берілді», – деді Г.Көкебаева.

Жалпы, көп балалы аналармен және халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі.