Қаладағы іс-шара республиканың 30 жылдық кезеңіндегі жетістіктеріне және әр айдың тақырыптық желілеріне сілтеме жасай отырып өткізіліп, сондай-ақ атаулы күн мен мерекелерге арналады
Алматыда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында "Қайырымды істер марафоны" жалпыұлттық жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv. Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ренат Бекбергенов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында жүзеге асырылған және жоспарланған іс-шаралар туралы айтты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы сапалы әрі жоғары деңгейде өтуі үшін бірыңғай қалалық жоспар әзірленді. Барлығы 953 іс-шара жоспарланса, оның 2-і республикалық, 436-ы қалалық, 549-ы аудандық деңгейде өтеді.
Қаладағы іс-шара республиканың 30 жылдық кезеңіндегі жетістіктеріне және әр айдың тақырыптық желілеріне сілтеме жасай отырып өткізіліп, сондай-ақ атаулы күн мен мерекелерге арналады.
"Мысалы, маусым айында Алматыда мемлекеттік рәміздер күніне, медицина қызметкерлері күніне және полиция күніне арналған 70-тен астам түрлі форматтағы іс-шаралар өтті. Тұрғын үй терезелеріне жалаулар қойылып, әнұран бір мезгілде орындалды. Адам көп жиналатын аумақта мемлекеттік ту таратылып, жалаулары бар автокөліктер мен мотожарыстар өтті", – деді Р. Бекбергенов.
Шілде айында мегаполисте ҚР астанасы күніне арналған онлайн және оффлайн форматта ашық аспан астында іс-шаралар өтті.
"Қалада маңызды оқиғалар болды. 25 өнеркәсіптік және әлеуметтік-мәдени нысандар пайдалануға берілді. Соның ішінде Қазақстан-Швейцария туризм және қонақ үй бизнесі институты, "Ads Industries" фармзауыты, "Терренкур" жаяу жүргіншілер аймағы, жаңа балабақша мен мектептер ашылды", – деді Қоғамдық даму басқармасының өкілі.
Екінші жартыжылдықта қала әкімдігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 800-ден астам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
"Тамыз айының соңы мен қыркүйек айының басында педагог қызметкерлердің тамыз конференциясын, Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланған. Сондай-ақ Алматыда "Тәуелсіздік жетістіктері" тақырыбында бірыңғай қалалық сынып сағаты мен ашық сабақтар өтеді. Сонымен қатар Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш пен 13 жаңа білім беру нысанын ашу жоспарлануда", – деді Р. Бекбергенов.
Жыл соңында Алматы тұрғындарын көптеген қызықты оқиғалар күтуде. Мысалы, қараша айында индустриялық-инновациялық және әлеуметтік нысандарды іске қосу, "Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі" республикалық форумы және "Creative jastar" инновациялық жобалар байқауы сияқты көптеген іс-шара өтеді.
Желтоқсан айында қалада тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар, "Тәуелсіздік шежіресі" тақырыптық көрмелері, ғылыми-практикалық конференциялар жоспарланған.
Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына арналған атаулы күнге ерекше назар аударылды. Атаулы күн қарсаңында қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, мұқтаж жандарға қажетті қолдау шаралары көрсетіледі.
"Қайырымды істер марафоны" республикалық жобасы аясында 396 түрлі форматтағы іс-шаралар жүзеге асады. Жобаның арқасында мұқтаж отбасыларға азық-түлік жиынтығы түрінде материалдық қолдау көрсетіліп, тұрғын үйді жөндеуге мүмкіндік беріледі. Барлығы 22 мыңға жуық алматылық қолдау алды.
"Қайырымды істер марафонына" Алматы кәсіпкерлері белсене қатысуда. Бұл туралы Алматы қаласы "Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығы" қоғамдық бірлестігінің өкілдігі төрағасының орынбасары Долкунтай Абдухалил айтты.
Мысалы, "Metal Prom Group" компаниялар тобы өткен жылы қайырымдылыққа 105 млн. теңге жұмсады. Жалпы, соңғы үш жылда мұқтаж жандарға 450 млн. теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.
"Metal Prom Group" компаниясы үшін көмек тек жоғары гуманистік әрекет емес. Өйткені кәсіпорынның міндеті – адалдық, еңбексүйгіштік, сапа, мемлекетке және адамдарға пайда әкелу. Кәсіпорын қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге көмектесуге дайын", – деді Д. Абдухалил. Оның айтуынша, барлық кәсіпкерлер үшін қайырымдылық шарасы кәсіптің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі екенін айтты.