Қала әкім Б. Сағынтаев жұмыс сапарымен салынып жатқан құрылыс нысандарында болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала әкімі ең әуелі инженерлік инфрақұрылымды жаңартып, нығайту керек екенін айтып, Мұзтау ықш.-да тарату желілері салынып жатқанын хабарлады.
«Мұзтау ықш.-да тарату желілері салынуда. Биыл үйлерді сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосуға кірісеміз. Өрт сөндіру депосы мен бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің құрылыс алаңдарында болдым», – деп жазады әкім.
Сонымен қатар, Б. Сағынтаев әлеуметтік нысандардың құрылыс барасымен танысты.
«Екіншіден, әлеуметтік нысандар. Жаңа оқу жылына қайта жөндеуден өткен және қосымша орындары бар №54 мектепті дайындаймыз.
Қала тұрғындары жұмыспен қамту, тұрғын үй және т.б. саладағы 50 түрлі мәселелер бойынша кеңес ала алатын әлеуметтік қызмет көрсету үйінің жұмысы аяқталуға жақын. Алатау ауданында 14 кортқа арналған жаңа теннис орталығы мен жабық шағын футбол алаңы, үстел теннисі бар орталығының, сондай-ақ Алғабастағы 12 мың адамға арналған мешіттің құрылысы жалғасуда. Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы велотректі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды», – деді Б. Сағынтаев.
Қала әкімі құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді, көше кеңістігін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырды. Төле би көшесіндегі жолдардың жөнделуі ерекше бақылауда екенін айтты.