25 мамырға дейін қаладағы 60 коммуналдық субұрқақ іске қосу жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазіргі кезде оның 16-сы іске қосылған. Жалпы, Алматыда 128 субұрқақ бар, оның 63-і қала меншігінде, ал 65-і жекенменшікте. Олар сағат 09:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді.
Соңғы бес жыл ішінде 13 жаңа субұрқақ салынды. Алайда басым көпшілігі 60-80-жылдары салынған. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізу техникалық жағынан дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Субұрқақтарды жөндеу, санитарлық тазарту мен тазалау жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.
Қазіргі кезде ҚР Орталық мемлекеттік мұражайы жанындағы және ҚБТУ ғимаратының артында орналасқан «Северный» саябағындағы фонтандарға жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры алдындағы фонтанның орталық тостағандарын ауыстыру әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Әрбір субұрқақта қауіпсіздікті сақтау мақсатында шомылуға болмайтыны туралы тақтайшалар орнатылған. Өйткені олардың конструкцияларының ішінде электр, суасты жарықтандыру құрылғылары, суасты сорғылар мен т.б. жабдықтар бар.