Алматыда 28 мыңнан тұрғын әлеуметтік төлемдердің 17 түрімен қамтылған

21.04.2021 18:27

АӘК алушыларға телевизиялық абоненттік тіркемелерді жеткізу және орнату бойынша қызметтер тегін көрсетіледі

Алматының 28 мыңнан тұрғыны әлеуметтік төлемдердің 17 түрімен қамтылған. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, мегаполисте биылғы жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік төлемдерді 28 мыңнан астам тұрғын алған. Төлемдердің 17 түрі бар. Айта кетсек, мемлекеттік органдар мұқтаж адамдарға тек материалдық көмек көрсетіп қана қоймай, қол көмегі тұрғысынан да жәрдем береді. Мысалы, газ жүргізіп, су есептеуіштерін орнатады, теледидар тіркемесін алып береді және емделуге жолдайды.

Назира Тоғызбаева атап өткендей, елімізде әлеуметтік көмек көрсетудің жаңартылған форматы жұмыс істейді. Енді отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек егер отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан (25 498 тг) аспайтын болса, төленеді. Бұл ретте АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) негізгі алушылары балалары бар отбасылар, жалақысы төмен жұмыс істейтін азаматтар, зейнеткерлер, мүгедектерді күтетін отбасылар және басқа да аз қамтылған адамдар болып табылады.

«АӘК негізгі міндеті – жұмысқа орналастыру және өмірлік қиын жағдайдан шығу. Сондықтан еңбекке қабілетті көмек алушылар Жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу үшін жіберіледі, бұл осы отбасылардың қаржылық жағдайын одан әрі жақсартуы мүмкін», – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, АӘК алушыларға телевизиялық абоненттік тіркемелерді жеткізу және орнату бойынша қызметтер тегін көрсетіледі.

Өткен жылдан бастап мемлекет Magnum Cash&Carry желісі арқылы кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілетін 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қолдаудың жаңа түрін енгізді. Мұндай отбасыларға балалар тағамы, гигиена құралдары, тұрмыстық химия беріледі. Биыл 3165 отбасынан 5214 бала қамтамасыз етілді.

Әлеуметтік қолдау шараларының бірі – отбасыларға коммуналдық қызметтерді (жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау, қоқыс шығару, лифтілерге қызмет көрсету) төлеуге берілетін тұрғын үй көмегі.

Назира Тоғызбаева қай отбасыларға коммуналдық қызметтерді ішінара төлеуге көмек көрсетілетінін айтты.

«Мысалы, егер отбасында 6 адам болса, оның төртеуі бала, ал анасы 3 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болса және олар көп балалы отбасы ретінде 42 534 тг жәрдемақы алып, ал әкесінің жалақысы 42 500 тг құрайды. Бұл отбасының жалпы табысы – 85 034 тг. Табыстың 5%-ы өтеледі, яғни 4252 тг», –  дейді Н. Тоғызбаева.

Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың арқасында газ жабдықтарын жүргізу және орнату шығындарын өтеу жүргізіледі. Оны алуға жан басына шаққандағы орташа табысына байланысты атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегін алушылар, көп балалы отбасылар, 1, 2, 3 топтағы мүгедектері бар отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, зейнеткерлер құқылы.

Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар назардан тыс қалмайды. Халықтың бұл санаттары ай сайын коммуналдық қызметтерді төлеуге 19 мың теңгеден табысты растаусыз көмек алады. Жеңіс Күнін мерекелеуге ардагерлерге қаржылай көмек көрсетіледі.


Газ жабдығынан басқа жергілікті атқарушы органдар су мен газды есепке алу аспаптарын сатып алуға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтейді. Жан басына шаққандағы орташа табысы 109 мың теңгеден аспайтын мұқтаж отбасылардың, мүгедектер мен зейнеткерлердің үйлерінде есептеуіштер өтеусіз орнатылады.

Қолдаудың тағы бір шарасы қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға бағытталған.

«Отбасының жиынтық табысын ескере отырып, 20 АЕК мөлшеріндегі бір реттік жәрдемақы (58 340 тг) және табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан мүлік бүлінген жағдайда 200 АЕК (583 400 тг) төленеді. Зейнеткерлерге, бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 1 топтағы мүгедектерге, Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс істеген адамдарға жиынтық табысын ескере отырып, жарты жылда бір рет 20 419 тг (7 АЕК) көмек көрсетіледі», –  деп хабарлады Назира Тоғызбаева.

Туберкулезбен және АИТВ-мен ауыратын азаматтарды материалдық көмек күтеді. Мысалы, туберкулезбен ауыратын науқастарға ай сайын 35 004 тг мөлшерінде төлем жүргізіледі. Ал ЖИТС орталығында диспансерлік есепте тұрған АИТВ жұқтырған балаларға ай сайын 68 604 теңгеден төленеді.

Студент жастар назардан тыс қалмайды. ЖОО үздік студенттері ай сайын 10 мың теңгеден алады.

Отбасыларға көмек туралы толық ақпаратпен Электрондық үкімет порталында «Отбасыларға көмек» бөлімінде танысуға болады.