Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында Жазушылар үйін жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жазушылар үйі 1955 жылы салынған және мұнда көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Өткен жылы алғашқы кездесулердің бірінде жазушылар қауымдастығы Алматы әкімі Б. Сағынтаевқа үйді жөндеуге көмектесу туралы өтініш білдірген еді. Ғимаратты жөндеу жұмыстарының нәтижелері туралы мегаполис әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында айтып берді.
«Бұл туралы жазушылар қауымдастығымен өткен жылы болған кездесуде айтылды. Сол жылы Жазушылар үйін ретке келтіру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде шатыр, электрмен жабдықтау және жылыту жүйелері ауыстырылып, ішкі әрлеу жаңартылды», – деп жазды Б.Сағынтаев.
Мегаполис әкімі классицизм стилінде бой көтерген ғимарат пен оның интерьерінің сәулеттік келбетін сақтап қалу қажеттігіне баса назар аударды.
«Бұл әдебиет ғибадатханасында бір кездері еңбек еткен Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов сынды ұлылардың атмосферасын сақтап қалу үшін қажет еді. Ақын-жазушыларды қолдау үшін Жазушылар Одағының ұсынуымен авторлардың 30 кітабын шығаруға қаражат бөлінді. Кітап қаладағы және мектеп кітапханаларының қорын толықтырады. Мұндай қолдау келесі жылы да жалғасын табады», – деп хабарлады Б. Сағынтаев.