|
23.12.2020 | 13:45
2806

Бақытжан Сағынтаев мегаполистің білім беру жүйесін одан әрі дамыту бойынша алқа кеңесін өткізді

Кеңес барысында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын азайту, апатты мектептер мен үш ауысымды білім беру проблемаларын шешу, қашықтан оқытудың сапасы, сондай-ақ жеке меншік балабақшалардағы ата-аналардың төлемін субсидиялау бойынша шаралар қаралды

Бақытжан Сағынтаев мегаполистің білім беру жүйесін одан әрі дамыту бойынша алқа кеңесін өткізді

Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың және білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының қатысуымен Білім басқармасының алқа кеңесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онлайн режимде өткен алқа жиынының жұмысына Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин және Жеке білім беру ұйымдары Республикалық Қауымдастығының төрайымы Роза Садықова қатысты.

Алқа кеңесі барысында мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын азайту, апатты мектептер мен үш ауысымды білім беру проблемаларын шешу, қашықтан оқытудың сапасы, сондай-ақ жеке меншік балабақшалардағы ата-аналардың төлемін субсидиялау бойынша шаралар қаралды.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев білім беру жүйесіндегі мәселелер оң шешімдерін тауып жатқанын атап өтті. Мақсат — «Шетсіз қала» қағидатын ескере отырып, бүкіл қала бойынша білім берудің сапасын бірдей  арттыруды қамтамасыз ету. Мұнда  үкіметтік емес сектормен және қоғамдық ұйымдармен өзара тығыз іс-қимыл орнатылған.

«Біздің міндетіміз — пандемияға қарамастан, өз парызымызды жауапкершілікпен және адал орындау. Балаларды тәрбиелеу көбінесе балабақшаларда мектепке дейінгі білім беру процесінің қалай ұйымдастырылуына  байланысты», — деп атап өтті Б. Сағынтаев және  пандемия кезінде ата-аналардың білім беру процесіне ынталарының арта түскенін атап өтті.

Бала туу көрсеткішінің жоғары болуына және белсенді көші-қон процестеріне байланысты әкімнің тапсырмасы бойынша балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы мен кезек күту мәселелерін шешу  бойынша  шаралар күшейтілді. Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева бүгінгі күні мектепке дейінгі тәрбиемен 1 жастан 6 жасқа дейінгі 65 080 бала, 3 жастан 6 жасқа дейінгі 57 020 бала қамтылғанын баяндады. Әкімдік 5 жыл ішінде балабақшаларда 20 мыңнан астам жаңа орын ашуды жоспарлап отыр. Қосымша білім беру бойынша Алатау және Наурызбай аудандарында инновациялық шығармашылықтың екі орталығын салу жоспарланған, келер жылдан бастап қазіргі Оқушылар сарайын модернизациялау  басталады.

Пандемияға қарамастан, контингент 12 мың балаға артты, оның ішінде 1-ші сыныпқа 27 мыңнан астам бала қабылданды. Мектептерде орын тапшылығын кезең-кезеңмен шешу үшін 2025 жылға дейін білім беру нысандарының құрылысын үдемелі салу бағдарламасы арнайы әзірленді.

Орта білім беру саласында апатты мектептерді жою және мектептердің шамадан тыс жүктелуі ерекше бақылауға алынған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 2021-2022 жылдары апатты және шамадан тыс жүктелген деп танылған мектептердің орнына жаңа мектептер салынады. 2022 жылға дейін 12 600 орындық 8 мектеп және 6550 орынға арналып мектептерге жапсарластыра 13 қосымша құрылыс салу жоспарлануда. Сондай-ақ, апатты мектептің орнына 2021 жылы 1500 орындық жаңа мектеп салынады. Білім берудің алғашқы жаңа нысандарын 2021-2022 оқу жылының басында пайдалануға беру және сол арқылы мектептердегі орын тапшылығын 73%-ға төмендету жоспарлануда.

Сонымен бірге, қашықтан білім беру сапасын арттыру үшін отандық «Online Mektep» және «Сфера» отандық білім беру платформалары белсенді қолданылады. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 42 мың компьютерлік техника және Үкіметтің резервтік қоры есебінен 38,5 мың компьютерлік техника сатып алынды. Интернет өткізгіштігі төмен 169 аймақта Интернет желісінің жылдамдығын арттыру үшін қосымша антенналар орнатылған. 30 мыңнан астам симкарталар мұқтаж отбасыларға берілді.

Мегаполис әкімінің бастамасы бойынша жеке меншік балабақшалардағы ата-ана төлемін жергілікті бюджет есебінен субсидиялауға ерекше назар аударылды.

«Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік тапсырыспен жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтануды жергілікті бюджеттен субсидиялау бойынша қабылдаған іс-әрекеттері қолайлы жағдай жасайды және қаламыздың жеке мектепке дейінгі білім беру кәсіпкерлігін дамытуды ынталандырады. Мемлекеттік тапсырысты орналастырмайтын жеке меншік балабақшалар адал бәсекелестік арқылы баға деңгейін реттейді.

Мұндай іс-шаралар біздің артқа шегінбей, бір орында тұрып қалмай, алға жылжитынымызға, өз жұмысымыздың нәтижесін көретінімізге сенім  береді. Өз атымнан, жекеменшік білім беру саласы өкілінің атынан Алматы қаласының әкімдігіне осы ұсынысты бастағаны үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер», — деді жекеменшік білім беру ұйымдары Республикалық Қауымдастығының төрайымы Роза Садықова.

Өз кезегінде ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин білім беру процесінің қауіпсіздігі, инклюзивті және қосымша білім беру, тамақтану сапасы, сондай-ақ білім беру саласындағы ұйымдарды басқару сапасын арттыру әдістері мәселелерін қозғады.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев балабақшалар мен мектептердегі балалардың тамақтану сапасын бақылау, жан басына шаққандағы қаржыландыру мәселелері бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Эпидемиялық ахуал бойынша қаланың «сары» аймаққа кіруі  барысында оқушылардың денсаулығын қорғау үшін кезекші топтарда санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейту тапсырылды.

«Ең маңыздысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан эпидемиологтар белгілеген қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет», — деп атап өтті  Б. Сағынтаев және білім беру ұйымдары бірінші басшыларының  жеке жауапкершіліктерін еске салды.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир