Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірді

28.12.2019 18:47

Қазір ақ халаттылардың қарауында 49 адам жатыр

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатында зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірді. Өйткені, әр адамның өмірі үшін арпалысқан ақ халатты абзал жандардың еңбегі орасан зор. Таңертең шаһар басшысы науқастар ем алып жатқан аурухананың бас дәрігерлерімен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Зардап шеккендердің денсаулығына алаңдаған қала басшысы олардың жағдайын сұрады. Бүгінгі мәлімет бойынша, ауруханада 49 адам жатыр. Оның 9-ы бала. Науқастарға 19 ота жасалып, тиісті деңгейде көмек көрсетілген. Дәрі-дәрмек те жеткілікті. Кейбірінің беті бері қараған. Ал қала басшылығы зардап шеккендерге кез келген уақытта көмек қолын созуға қашанда дайын.

«Сіздерге алғысымыз шексіз. Барлық ұжымға рахмет! Дәрігерлерге, медбикелерге, зардап шеккен отбасылардың жанынан табылған психологтарға да рахмет! Әрине, өте қиын жағдай. Дегенмен, абдырап қалмай, дер кезінде көмек көрсете алдыңыздар. Жылдам әрекет етіп, шешім қабылдадыңыздар. Науқастардың тез сауығып, қатарға қосылуын тілейміз», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Айта кетейік, зардап шегушілердің арасында Украинаның екі, Қырғызстанның бір азаматы бар. Әкімдік тарапынан олардың азаматтығына қарамастан барлық қажетті көмек көрсетілуде. Әр ауруханада психологтар екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

«Алматылықтар тағы да жанашырлық танытты. Кешегі күні қалалық орталықта 341 донор, республикалық орталықта 149 адам қан тапсырды. Бүгін таңертең зардап шеккендердің жағдайы біраз тұрақталды. Олардың барлығы травматикалық шоктан шығып, тынышталды. Түнді тыныш өткізді. Үздік травматолог, нейрохирург мамандар да көмекке келді», - деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.