Білім беру объектілерін дамыту да басымдыққа ие
Алматының Бостандық ауданында білім беру және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы белсенді қарқынмен жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде аудан әкімі Алтай Рахымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мысалы, осы жылдың сәуір айында «Атамекен» ТҮК №17 қалалық емханасы жанынан жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл «Жаңа Алматы» кешенді жоспарының стратегияларының бірі – инфрақұрылыммен тығыз байланыста жаңа нысандар салу. Осылайша, жаңа қоныстанушылар пәтерлерімен бірге әлеуметтік нысандарды қадамдық қолжетімділікте алады.
Қазіргі кезде «Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» операциялық блогы бар қабылдау бөлімшесі корпусының құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстарды 2022 жылдың қазан айында аяқтау жоспарлануда.
Білім беру объектілерін дамыту да басымдыққа ие. Қазіргі кезде аудан әкімінің мәліметінше, 34 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, жыл басында тапшылық 3 750 оқушы орны.
Бұл мәселені шешу үшін 1 625 орынды №38, 60, 199 мектептерге жапсаржай пайдалануға берілді. 300 оқушыға арналған №191 мектепке жапсаржай құрылысы аяқталуда.
Биыл жазда №146 лицей ғимаратына 300 оқушы орынды қосалқы нысанның құрылысы басталды. Сондай-ақ, №65 мектепке 400 орынды қосымша құрылыс салу жоспарлануда.
№81 мектеп-гимназиясы мен №40, 45 мектептерді қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстарымен сейсмикалық нығайту жүргізілді. Тамыз айында Орбита-3 шағын ауданындағы №145 мектеп ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары арқылы сейсмикалық күшейтуге кірісті.
№21 гимназия аумағында 120 орынды жаңа балабақша құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, №71 балабақшаны күрделі жөндеу аяқталды. Навои көшесіндегі №133 балабақшада жөндеу жұмыстары басталды. Жыл басынан 778 орынды 12 жекеменшік балабақша ашылды.