Алатау ауданында мектеп пен емхана, кәріз сорғылары жетіспейді. Қоғамдық көлік мәселесі де шешімін таппай келеді. Жергілікті халық бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кезекті кездесуінде осындай шағым айтты. Мегаполис басшысы өткен жиында айтылған талап-тілектердің орындалуын баяндай келе, жұрттың өзге де қордаланған мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының жұртымен екінші рет кездесу өткізіп жатыр. Бұл жолы да халықтың қарасы көп, шешілуі тиіс түйткіл шаш етектен. Шаһар басшысының кезекті баяндамасынан кейін алғаш болып Ақбұлақ шағын ауданының тұрғыны сөз алды. Ол Шәріпов көшесінде орналасқан №154 мектеп 694 балаға шақталған, бірақ қазір онда 2000-нан аса бала оқитынын айтты. Орын тапшылығын шешу үшін тұрғын Шоланов көшесінде құрылысы 2011 жылы басталып, сол күйі бітпей қалған жекеменшік мектеп барын да тілге тиек етті. Ақбұлақтықтарды емхана мәселесі де толғандырады.
«Ерболат Асқарбекұлы, ауданымызда Шоланов көшесінде 2011 жылдан бері іргесі қаланып, әлі де бітпей жатқан жекеменшік мектеп бар. Сол мектепті биыл «Балалар» жылына орай қолданысқа беруіңізді сұраймыз. Екіншіден, осы Ақбұлақ ықшамауданында балалар емханасы жоқ. «Мақсатмед» медицина орталығына мекен-жай бойынша тіркелдік, бірақ орталыққа керек мамандар табылмайды», – деді аудан тұрғыны.
«Біріншіден, жекеменшік мектеп туралы, біз ойлап отырмыз, компанияның бастығымен сөйлесеміз, олар жұмысын бастайды. Мектеп салынады. Оның ішінде 150 балаға арналған жатақханасы болады. Келер жылдың наурыз айына дейін жұмыс бітеді деп ойлаймыз», – деді қала әкімі.
«Мамандарды осы жылы тауып қояйық. Ал енді болашақта сол жерге басқа отбасылық амбулатория, қасында сіздерде көп тұрғын үй салынып жатыр, сол жерге отбасылық дәрігерлік амбулатория қарастырып жатырмыз», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.
Алатауда жер үй жетерлік. Ықшамаудандар орталықтандырылған су, кәрізге қосылмаған. Әсіресе жеке секторларды кәріз жүйесімен қамту үшін канализациялық сорғы салу керек. Тек Алатау ауданының өзіне 18 кәріз сорғысы керек екен. Әкімдік қазір Шаңырақ-2 ышамауданында 4 сорғы салу үшін учаскені сатып алу жұмыстарын бастапты. Мұндай түйткіл Томирис ықшамауданында да бар.
«Томирис ықшамауданы, Шынғожа батыр көшесі, 85 -те тұрамын. Біздің тұратын жерімізде сорғы стансасы жоқ», – деді аудан тұрғыны.
«Жасап беремін! Томирис біздің жобамызда тұр, істеп береміз. Ең қиыны, жер тапқаннан кейін істеледі. Көктемде қағаздарымызды дайындап, өткізгеннен кейін сол станса жұмысын бастаймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Томиристен қалаға қатынау үшін Шаңыраққа дейін қанша шақырым жаяу жүріп шаршадық деген тұрғын шағын ауданға автобус кіргізуді сұрады. Оның бұл өтініші де қарастырылмақ. Ал Марқакөл көшесінде тұратын көпбалалы ананың айтуынша, балалар алаңы жоқ. Олар көшеде ойнайтын баланың қауіпсіздігі үшін қорқады.
«Марқакөл көшесінде бала ойнайтын жер жоқ, 102 бала жиналады, Балаларға арналған ойын алаңын салып беріңізші», – деді аудан тұрғыны.
«Келер жылы балалар ойын алаңын жасаймыз. Жаңа жобаға енгіземін. Уайымдамаңыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Бұдан бөлек аудан халқы үйді сүру, газға қосылу, жол салу сияқты мәселені көтерді. Жалпы жыл басынан бері аудан тұрғындары 120-ға жуық мәселе көтерген. Соған қатысты берілген әкім тапсырмаларының 70 пайызы орындалыпты. Ал бүгінгі жиынға 250-ден аса адам келіп, халықтан шамамен 100-ге жуық сауал түсті.
Ерболат Досаев аудан халқымен кездесулерін әрі қарай да жалғастырады.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы