Қаланың әр ауданында ашық алаңдағы концерттік-ойын-сауық бағдарламадан бөлек мегаполис тұрғындары мен қонақтарына қаланың көрнекті мәдени нысандарында өтетін жаңа жылдық қойылымдарды тамашалауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазақ мемлекеттік циркінде 2024 жылдың 14 қаңтарына дейін Golden Dragon бағдарламасы өтеді. Көрермендердің назарына әуедегі өнер, сиқырлы құбылулар, шимпанзе-акробат, сондай-ақ Еуропаның үздік әртістері өз өнерін ұсынады. Цирк қойылымы демалыс күндері сағат 16:00-де өтеді. Билет құны 1 500 теңгеден басталады.
Мемлекеттік қуыршақ театрында «Жарқырай түс, Жаңа жыл!» атты бағдарлама қойылымы басталды. Жас көрермендер мен олардың ата-аналарын Аяз ата мен Ақшақардан басқа Хаги-Ваги, Киси-Миси, Тикток, YouTube, Cameraman, TV-man және т.б сүйікті кейіпкерлері күтеді.
Қойылым 24-30 желтоқсан аралығында күн сайын сағат 16:00-де, жекелеген және қосымша көрсетілімдер сағат 10:00-де немесе 12:00-де өтеді. Жаңа 2024 жылы бағдарламаны 7 қаңтарға дейін ұзарту жоспарлануда. Билет құны 3 000 теңгеден басталады.
Республика сарайында 27 және 28 желтоқсанда сағат 12:00 мен 17:00-де «Мұзды жүрек» ойын-сауық-танымдық бағдарламасы өтеді. Кейіпкерлер қызықты шытырманға тап болады: элементтер, мистикалық тұрғындармен кездесу, Элизаны құтқару, сиқыршыны жеңу және Мэридің жаңа досының көңілінен шығу. Қойылым барысында актерлер залға шығып, ойнап, балалармен араласады. Билет құны 5 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін.
Сондай-ақ 3 және 4 қаңтарда республика сарайында Мұрат Мутурғановтың «еліміздің үздік жаңа жылдық шоуы» қойылады. Шоуда кәсіби актерлер, цирк әртістері – жонглерлер, акробаттар, гимнасттар, сиқыршылар, сайқымазақтар, эквилибристер; балет әртістері; бишілер; жарық шоуы мен талантты балалар өнер көрсетеді. Билет құны 2 000 теңгеден 18 000 теңгеге дейін.
Сондай-ақ отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін басты жаңа жылдық концерт 31 желтоқсан күні сағат 22.00-де Астана алаңында өтетінін еске саламыз. Кіру тегін.
Оқи отырыңыз: Алматыда қысқы жаңа жылдық фестиваль басталды