Түрксіб ауданындағы екі әлеуметтік нысанда күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы аудан әкімі Бақытжан Ақжаров өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сүйінбай даңғылы, 465-мекенжайда орналасқан №86 балабақша мен Физули көшесі, 71-мекенжайдағы мүмкіндігі шектеулі балалардың Алматы қалалық оңалту орталығы ғимараттарын сейсмикалық күшейту бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жоба бойынша ғимараттардың тірек құрылымдары нығайтылды, қабырғалары, едендері мен төбелері толығымен ауыстырылды, материалдық-техникалық жабдықтар жаңартылған.
Аудандық әкімдіктің хабарлауынша, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша нысандарды жөндеу жұмыстары өткен жылы көктемде басталды. Жобалық қуатына сәйкес әр мекеме 100 баланы қабылдай алады.
Еске салсақ, ауданда орналасқан оңалту орталығы нашар көретін, нашар еститін, қозғалысы, интеллекті, дамуы төмен және дұрыс сөйлей алмайтын, көңіл-күйі нашар 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға психологиялық, педагогикалық, коррекциялық көмектер көрсетеді.
«Ата-аналар осы күрделі жөндеуді өте қатты күтті. Қайтадан өзімізге келіп, күнделікті оқу-қызметімізбен жұмыс жасап жатырмыз. Ата-аналар ішке кірмейді, карантиндік тәртіпті сақтап, әр баланың дене қызуы өлшеніп, жұмыс жасап жатырмыз», – деді №86 балабақшаның әдіскері Мақпал Естемесова.
«Карантиннің талаптарына сәйкес қазір бізде тек қана кезекші топтарға балаларды қабылдап жұмыс жүргізіп отырмыз. Өткен жылдың мамыр айынан бастап балабақшамызда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балабақшамыздың іші әрленіп, жаңа жабдықтармен жабдықталды», – деді № 86 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Шолпан Кожанова.
«Ол жерге арнайы білім талап ететін балалар барады. Ол тіл мүкістігі бар балалар… Ол да күрделі жұмыстан өтіп, 1-2 ай болды ашылды», – деді қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.