Алматының орталығында аналарға арналған мурал пайда болды

Адель Мұхатаева
Almaty.tv
Almaty.tv
Қабырға суретіне тамсанған мегаполис тұрғындары да оны бейнетаспаға түсіріп өз ризашылығын білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының орталығында аналарға арналған мурал пайда болды. Ол бір күн бұрын Қабанбай батыр, 71-үй мекенжайында салынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

15 мамыр – қабырға суретінің ашылу күні. Бұл күні танымал қазақстандық блогер әрі кәсіпкер Жеңіс Омаровтың анасы дүниеге келді.  Ол – ерекше жобаның негізін қалаушы.

«Енді біздің анамызға, бүкіл қазақстандық анаға арналған қабырғаға салынған сурет бар. Ұйқысыз түндеріңіз бен мейіріміңіз үшін, балаға деген риясыз махаббатыңыз үшін рақмет», – деді блогер.

Алматылық екі танымал суретші Жұмаділ Елеукенов пен Рауан Нүсіп үйдің қабырғасына сурет салумен айналысады. Бұл олардың кезекті туындысы. Жұмаділ – Алматыдағы COVID-19 күрескерлеріне арналған алғашқы қабырға суретінің авторы. Оның туындысына Құрманғазы мен Шәріпов көшелерінің қиылысында тамсануға болады. Жұмаділдің  анасы  қалада дәрігер қызметін атқарады. Анасы мен әріптестерінің ерлігін көріп, шабыт алғанын айтады.

Сондай-ақ жас қазақстандықтың суретшінің туындылары елде ғана емес, шетелде де танымал. Мысалы, ол танымал американдық рэпер Дрейкпен жұмыс істеген.

Алматылық Рауан Нүсіп те белгілі суретші. Оның шығармаларының ішіндегі танымал туындысын Әл-Фараби даңғылының бойында Меңдіқұлов пен Достық көшесінің қилысында орналасқан тұрғын үй қабырғасынан көруге болады.

Қабырға суретіне тамсанған мегаполис тұрғындары да оны бейнетаспаға түсіріп өз ризашылығын білдірді.

«Сурет өте әдемі салынған. Сымбатты жігіттерге рақмет!» - деді олар. 

Новости партнеров