Қазіргі таңда жолақы 80 және 150 теңгені құрайды
Алматыда қоғамдық көліктегі жолақысы көтерілуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
2012 жылы бекітілген 80 теңгелік тарифтің қаншалықты өзгеретіні әлі белгісіз. Қалалық мобильділік басқармасы қазір тиісті қаулының жобасын әзірлеген. Құжат 21 шілдеге дейін құқықтық актілер порталында жарияланады. Қоса кетейік, бұған дейін мегаполисте коммуналдық тарифтің қымбаттайтынын айтқан едік. Қала әкімдігі бұл шешімге инфрақұрылымның әбден тозуы себеп деген. Ендігіде, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы алгоритмінің өзгеретіні мәлім болды.
«2023 жылдың мамыр айынан бастап Алматы әкімінің тапсырмасы бойынша біз халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін өтемақы алгоритмін әзірлеуді бастадық, оны қала мәслихаты да қолдайды деген сенімдеміз. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаттарына қолдау шараларын көрсету мақсатында жыл соңына дейін 316 мың 388 тұрғынға өтемақы төлеу жоспарланып отыр», – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.