Ұлттық мереке қарсаңында дін мен дәстүрді дәріптейтін Dastur fest көрмесі өтті

22.10.2023 18:55

Республика күніне орай салт-дәстүр шеруі ұйымдастырылды

Сурет: azan.kz

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы өкілдігінің ұйымдастыруымен 25 қазан Ұлттық мереке қарсаңында «DASTUR FEST» көрмесі өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі azan.kz-ке сілтеме жасап.

Дін мен дәстүр дәріптелген көрменің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, қоғам қайраткерлері Смағұл Елубай, Марат Тоқашбаев, Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан мен басқа да зиялы қауым өкілдері, мешіт ақсақалдары мен жамағатты және имамдар қатысты.


Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің ыстық сәлемін жеткізген наиб мүфти Кенжеәлі қажы Мырзабаев жиналған халықты құттықтап, арнайы сөз сөйледі. ҚР мәдениет қайраткері Ислам Жеменей  мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменова да қонақтарды мерекемен құттықтап, дін мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртып жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасына ризашылықтарын білдірді.

Алматы Орталық мешітінің ауласында өткен көрменің салтанатты ашылуында батырлар тобы бүркіт, найза-шоқпарымен өнер көрсетсе, ұлттық шапан мен кимешек шеруі салт-дәстүріміздің озық үлгілерін паш етті.

Ақ жаулықты аналар шашу шашып, келіндер көпшілікке бауырсақ дәмін ұсынды. Ақ боз аттың құлағында еркін ойнаған актер Мадияр Серікбаев ат әбзелдерінің атаулары мен қазақы мағынасын түсіндіріп өтті.

Сонымен қатар темір ұстасының киімдері көпшілік назарына ұсынылып, қазақ дәстүріндегі табақ тарту әдісін нағыз маман жұртшылыққа таныстырды. Ақын, сазгер Жәкен Омаров дән мен дәстүр сабақтастығына арнайы жазылған арнауын елге күмбірлеген домбыра үнімен жеткізді.  Көрменің келесі кезеңінде тәй-тәй басқан бүлдіршіндердің тұсауы кесіліп, келген көпшілік қауым әжелердің жүн түту, сабау, жіп иіру тағы басқа салт-дәстүрлерді орындауын тамашалады.

Сондай-ақ көрмеге ұлттық киімдер ерлер шапаны, кимешек, орамал, бас киімдері және заманауи үлгідегі ұлттық киімдерді дәріптеп жүрген атақты дизайнерлердің топтамалары ел назарына ұсынылды. Сәні мен сапасы жоғары қазақы киімдерді киіп көріп, сол жерде сатып алуға мүмкіндік алды. Көрмеде ағаштан ойып жасалып, нағыз шебердің қолынан шыққан түрлі домбыралар, темір ұстасы жасаған бұйымдарды тамашалап, ұлттық тағам түрлерінен дәм татуға болады.

Ұлттық мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Дәстүр Фест» көрмесінің басты мақсаты – халық арасында дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу болып табылады.

Оқи отырыңыз: Адам аптасына қанша рет ет жеу керек