Қала әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың қатысуымен өткен онлайн-кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша полиция жұмысына сервистік әдісті енгізу тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету әкімдік жұмысындағы маңызды басымдықтардың бірі екенін баса айтты. Осы мақсатта учаскелік инспекторларға баса назар аудара отырып, полиция жұмысын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Жаяу патрульдеу күшейтілуде, барынша криминогенді усаскелерге полицияның модульді пункттері ашылуда. Сонымен қатар, бейнебақылау желісі кеңейіп, қауіпсіздікті бақылаудың интеллектуалды жүйелері енгізілуде. Қабылданған шаралар ағымдағы жылдың 4 айында қылмыс деңгейін 21,3%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау деңгейі 12,4%-ға жақсартылды.
ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінің қолдауымен жүзеге асырылған полиция жұмысының сервистік моделінің пилоттық жобасы «басқарудан» «қызметке» көшуді көздейді. Сонымен қатар, полиция азаматтық қоғамның қатысуымен қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың белсенді алдын алуға бағытталған.
«Пилоттық жоба құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін өзгертуге көмектеседі. Бұл тетіктер Ұлыбританияда, Канадада ойдағыдай қолданылуда. Біз солардың тәжірибесін енгізіп отырмыз», – деп атап өтті Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Ведомствоаралық топ азаматтардың, учаскелік және КСК қауіпсіздігі бойынша «бақылау парағын» әзірледі, оған сәйкес өз аулаңыздың қауіпсіздігін қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін факторлар бойынша бағалай аласыз. Мысалы, аумақты жарықтандыру, бақыланбайтын тұрақ, бұталар және т.б. Бұл деректер проблемалық аймақтарды анықтауға және тұрғындардың өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ерлан Тұрғымбаев Алматыда ішкі істер министрлігімен және ЕҚЫҰ-ның консультациялық қолдауымен ведомствоаралық топ құруды ұсынды. Ол белгілі бір аймақтағы қылмыстық ахуалды егжей-тегжейлі талдауға, сонымен қатар қауіпсіздік мәселелері бойынша жергілікті қоғамдастықпен жемісті байланыс орнатады.
Бақытжан Сағынтаев бұл ұсынысты қолдап, жобаның мақсаты – қоғамның қажеттіліктеріне жауап беретін және онымен серіктестікте жұмыс жасайтын кәсіби, өкілетті, есеп беретін орган құру екенін баса айтты.
«Біз полицияға азаматтарға көмектесетін, олардың мәселелерін шешетін қызмет ретінде қараймыз», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Мегаполис әкімінің тапсырмасы бойынша жаңа тұжырымдама Алматының барынша күрделі шағын учаскелерінде сынақтан өтетін болады.