Алматыда биыл 600-ден астам көше жарықтандырылады

Алматыда биыл 600-ден астам көше жарықтандырылады
2020 жылы «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында қаланың 2024 көшесіне сыртқы жарықтандыру желілері орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасына сай мегаполистің барлық көшелеріне сыртқы жарықтандыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv. 2021 жылы қаланың 601 көшесіне жарық орнатылады. Олардың қатарында Алмалы ауданында 84, Әуезов ауданында 89, Бостандық ауданында 155, Медеу ауданында 273 көше бар.

2020 жылы «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында қаланың 2024 көшесіне сыртқы жарықтандыру желілері орнатылды.

Өткен жылы қолданыстағы желілерді модернизациялау аясында 5,7 мың шам орнатылды, 147 км кабель тартылды, 7 негізгі көше бойына 4,8 мың баған орнатылды: Достық даңғылы (әл-Фараби даңғылынан Медеуге дейін), Сайын көшесі (Торайғыров көшесінен Рысқұлов даңғылына дейін), Гагарин көшесі (әл-Фараби даңғылынан Төле би даңғылына дейін), Момышұлы көшесі (Шаляпин көшесінен Ақын Сара көшесіне дейін), Шаляпин көшесі (Әшімов көшесінен бастап Сайын даңғылына дейін), Жансүгіров көшесі (Рысқұлов даңғылынан Қапшағай жол айырығына дейін), Солтүстік айналым көшесі (Қапшағай жол айрығынан Рысқұлов даңғылына дейін).

Бұған дейін хабарланғандай, 2019 жылы жарығы мүлдем болмаған 329 көшеде жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.  Сондай-ақ, 8,4 мың жарық нүктесі орнатылды, 6 ауданда 241 км сыртқы жарықтандыру желілері тартылды: Алатау ауданында - 65 көше (2,2 мың жарық нүктесі), Әуезов ауданында - 27 көше (712 жарық нүктесі), Бостандық ауданында - 54 көше (830 жарық нүктесі),  Жетісу ауданында - 55 көше (1,4 мың жарық нүктесі), Медеу ауданында - 19 көше (969 жарық нүктесі) және Түрксіб ауданында - 109 көше (2,2 мың жарық нүктесі).

Энергияны көп қажет ететін натрий шамдарын SMART жүйесін орнату мүмкіндігі бар заманауи LED шамдарға ауыстыру арқылы 6 мыңға жуық шам жаңартылды, 148 км кабель тартылды, 4,8 мың жаңа тіректер орнатылды.


Новости партнеров