Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаңтар трагедиясы кезінде жапа шеккен кәсіпкерлермен және бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында қала басшысы бизнес иегерлерімен шығынды өтеуге жұмсалатын төлемдерді жеделдету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін Аймақтық комиссия шығынды өтеу бойынша механизмде кінәрат барын анықтап, өз тарапынан нақты ұсыныстар енгізген болатын. Әкімдіктің ұсыныстары 2022 жылғы 1 ақпанда ҚР Ұлттық экономика министрлігімен жедел түрде келісіліп, үкіметтік комиссия деңгейінде мақұлданды. Бүгін Шығынды өтеу ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Негізгі оңалту шаралары тауарлық-материалдық құндылықтарға келген мүліктік залалға қатысты, енді 5 млн теңгеге дейінгі ең жоғары төлем сомасымен жеңілдетілген механизм бойынша зақымдалған жылжымалы әрі жылжымайтын мүлікке, қалпына келтіруге келмейтін және жоғалған жабдықтарға да шығынды өтеу механизмі қарастырылып отыр.
Бұл өз кезегінде зардап шеккен бизнес субьектілерін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлек қорлардың жеке ақшаларынан да төлем жүргізу мәселесі қаралып жатыр. Яғни, өтемақы төлеу процесін жетілдіру жолындағы ізгі жұмыстар жалғаса береді.
Еске сала кетейік, зардап шеккен кәсіпкерлер коммуналдық шығындарды төлеуден 3 айға, ал қаладағы коммуналдық меншікті жалға алушылар – 6 айға жалға алу төлемінен босатылады.
Сонымен қатар «Алматы Бизнес-2025» қалалық бағдарлама бойынша, айналымдағы қаражатын еселеп алу үшін кәсіпкерлерге кепіл ұсыну арқылы 10 млн теңгеге дейін жылдық 2 пайызбен 12 айға немесе «Алматы» АӨК ішінара кепілдігімен жеңілдетілген несие беріледі. «Алматы Финанс» ЖШС мен «МФО Алматы» ЖШС зардап шеккен кәсіпкерлерге негізгі қарызды өтеу мерзімін ұзартады, айыппұлдар мен өсімпұлдарды 180 күнге дейін шегереді.