Бақытжан Сағынтаев коронавирус вакцинасын салдыруға дайын екенін айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуін өткізді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін шара биыл онлайн форматта «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінен және Фейсбук парақшасынан көрсетілді. 4 сағатқа созылған кездесу аясында «Open Almaty» кол-орталығы, StopCOV, Уатсап мессенджері, ZOOM-бөлмелері, әлеуметтік желі, телефон байланысы арқылы студиямен тікелей байланыс орнатылып, тұрғындар тарапынан мыңға жуық сұрақ қойылды. Оларға жауап берген қала басшысы биыл жасалатын жоспарларға шолу жасап, «Шетсіз қала» қағидатына ерекше көңіл бөлетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Пандемияның экономикаға тигізген орасан зор қысымына қарамастан, біз «Шетсіз қала» қағидаты бойынша жұмысымызды жалғастырдық. Өздеріңіз білесіздер, бұл менің түбегейлі таңдауым және бұл бағыттағы жұмыстарды одан ары жалғастыра беремін. Әрбір алматылық тұрғылықты  жеріне қарамастан теңдей өмір сүру стандарттарына ие болуы тиіс. Бұл біздің ортақ алматылық арманымыз және осы арман 2020 жылдың қиын кезеңінде бізді алға жетелеп, жұмысымыздың келешекке деген бағытын да айқындап берді», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Кездесудің негізгі бөлімі сұрақ-жауаптан тұрды. Қала басшысы алматылықтарды алаңдатқан өзекті мәселелерге қатысты ойын айтып,  түйткілдерді шешу жайын қарастырды. Сұрақтардың дені экология, жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, абаттандыру, сумен қамту мәселелеріне қатысты болды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жаппай вакциналауға қатысты сұраққа да жауап берді.

«Сізге қояр сұрағым, КВИ вакцинациясына қатысты. Осы КВИ вакцинациясы дайын азаматтарға қашан екпе жүргізіледі? Әрі ақылы түрде кезексіз қашан алуға болады? Тағы сұрағым, сіз өзіңіз алдыңыз ба екпені?» – деді қала тұрғыны Луиза.

«Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан 2 миллион дозаға Ресеймен келісім жасалған. Біздің квотамыз бойынша осы 1-жартыжылдықта 150 мың доза Алматыға қабылдап аламыз. Яғни, 150 мың азаматымыз «Спутник V» вакцинасы бойынша өтетін болады. Одан бөлек, біздің «Казковид ин» бойынша 3-сараптамалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол маусым айында дайын болатын болса, онда 2-жартыжылдықта қосымша өзіміздің вакцина айналымға түсетін болса, вакцина саны артатын болады. Мен де азамат ретінде вакцина алуға дайынмын», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Новости партнеров