Алматыда дәрі шығарған астыртын цех анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай ақпаратты қалалық экономикалық тергеу департаменті беріп отыр. Олардың айтуынша, алдымен заңсыз дәрі қаптамасын шығаратын баспахана жұмыс істеп жатқаны белгілі болған. Кейіннен ол дәрілерді өндірген және сақтаған тұлғалар анықталған. Қалалық прокуратурамен бірлескен жедел іздестіру шаралары барысында қоймадан 100 тоннаға жуық препарат табылыпты.
«Көбінесе бұл дәрілер «Ротоцеф», «Солкасерил», «Регидрон оптим», «Кальций Д3 никомед», «Цефамед», «Цераксон», «Цефтазидин» және басқа да дәрі-дәрмектер. Жалпы 30-40 дәрі-дәрмектің түрі анықталған болатын. Кейбір дәрі-дәрмектердің пайдалану мерзімі өткен. Яғни, олар этикеткасын ауыстыру арқылы үй жағдайында астыртын цехта жасап отырған», – деді қалалық Экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.
Қазіргі уақытта дәрілердің барлығы тәркіленіп, сараптама жасалып жатыр. Оқиғаға қатысы бар үш азамат ұсталып, оларға «Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін» қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.