Жастарға жұмыс: Алматыда бос орындар жәрмеңкесі өтті

30.07.2024 19:18

Жәрмеңкеге 40-қа жуық компания қатысып, шамамен 300 жұмыс орнын ұсынды

Almaty.tv

Алматыда NEET санатындағы жастардың үлесі - 7,2 пайыз. Бұл туралы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы бос орындар жәрмеңкесінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дәстүрлі түрде өткізілетін іс-шара республиканың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылып жатыр.

Әйгерім Сейітқали – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті. Халықаралық журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан бойжеткен де «Жастарға жұмыс» жәрмеңкесіне келген. Ол жаздыгүні бос уақытын тиімді пайдаланбақ.

– Маған 3 компания ұнады. Өкілдерімен сөйлесіп, жұмыс орнымды таңдаймын. Жастар үшін мұндай жәрмеңкелер жазда жұмыс табуға мүмкіндік береді, – деді студент Әйгерім Сейітқали

Жәрмеңкеге 40-қа жуық компания қатысып, шамамен 300 жұмыс орнын ұсынды. Ал жұмыс іздеушілер жетекші компаниялардың өкілдерімен тікелей байланыс орнатып, қойылатын талаптар туралы көбірек мағлұмат алды.

– Шілдеде студенттер дипломын алып, жұмыс іздейді. Басқа студенттер бос уақытын тиімді пайдалануына, ал жас мамандарға жұмыс табуына үлес қосу үшін  жәрмеңке өткізіп жатырмыз, – деді  «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.

Игі іс-шараның жұмысымен қалалық мәслихат депутаттары да танысты. Олар «жас мамандар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған жобаның берері мол» дейді.

– Алматы – жастар қаласы. Мегаполисте 14 пен 35 жас аралығында 685 мың азамат, оның ішінде 255 мың  студент бар. Жастар Алматыға қолайлы жағдай, жақсы жұмыс іздеп келеді. Сондықтан осындай  іс-шаралардың жиі өткені жөн, – деді қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанова.

Айта кетейік, жәрмеңке жылына 3 мәрте ұйымдастырылады.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыдағы ақылы автотұрақтарды қалай анықтауға болады