Шеруге ұлттық дәстүрді насихаттап, үлес қосу үшін қатыстым - қала тұрғыны

21.03.2024 19:19

Керуен Абай және Абылайхан даңғылының бойымен Төле би көшесіне дейін жүріп өтті

Almaty.tv

Алматыда Наурыз мейрамы театрландырылған шеруден басталды. Таңғы сағат 9:00-де Абай алаңы маңында театр ұжымдары мен түрлі ұлт өкілдері көш бастап, тұрғындар қоштап, бас-аяғы мыңнан астам адам қала көшелерін аралады. Керуен Абай және Абылайхан даңғылының бойымен Төле би көшесіне дейін жүріп өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақ халқы үшін қытымыр қыстың аяқталып, табиғаттың қайта тіріліп, жаңаратын, жасанатын кезі - көктемнің орны ерекше. Ұлтымыз ежелден Наурыз тойын халық болып қарсы алады. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!» деп бір-біріне ақжарма тілегін ақтарып, ақ ниетін білдіреді. Еліміз бүгінге дейін дәстүрден жаңылмады. Республиканың түкпір-түкпірінде Наурыз тойланып жатыр.

Алматылықтар Наурыз мейрамын сән-салтанатпен қарсы алды. Ерекше театрландырылған көш қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Шаһар тұрғындары мен қонақтары арбадағы киіз үйді, қыз күймесін, қоржынға жібек мата мен кілем артқан түйелерді, салт атты батырларды, құмай тазылар мен мергендерді, жеті қазына нышандарын көрді. Іс-шараға қатысқандардың жүзінен мерекелік көңіл-күй көруге болады.

– Шеруге ата-бабадан келе жатқан ұлттық дәстүрді насихаттап, үлес қосу үшін қатыстым. Құрметті қазақ елі, Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Үйымдастырушыларға халықтың, ел-жұрттың атынан алғыс білдіреміз, – деді қала тұрғыны Нұрлан Манапов.

– Өте керемет! Қазақ дәстүрін ешқашан ұмытпаған. Қазақ халқын Наурыз мейрамымен құттықтаймын! – деді студент Альбина Айдын.

Наурыз керуені бірнеше мәрте тоқтап, өнерпаздар әнін де шырқап үлгерді. Мегаполистегі думанды іс-шараға қызыға қараған жан көп. Өзге елдің азаматтары да мейрамның ерекшелігіне тоқталды.

– Көктем мерекесі керемет тойланып жатыр. Мұндай көрініске бірнеше рет куә болдым. Өте тамаша! Украина елінің азаматымын. Қазір Алматыда тұрамын. Барша қазақстандыққа бақыт тілеймін. Бейбітшілік болсын, – деді қала тұрғыны Марина Недуха.

Айрықша сән-салтанаты жарасқан көш-керуені қаланы аралап, Астана алаңына табан тіреді. Сонда келіп тоқтаған жұртты концертке жиналған қауым күтіп алды.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Абай алаңындағы Наурыз мейрамы ұлттар достығын дәріптеді