Алматыда жасыл желектерді автосуарумен қамту 4 есе ұлғайды

21.12.2023 19:37

Биыл 291 мың ағаш отырғызылды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда жасыл желектерді автосуарумен қамту 4 есе ұлғайды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

- Осы жылдың қаңтар айында Алматы қаласы жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау бойынша жаңа ережелер қабылдады. 2023 жылдан бастап суару жүйесі жүргізілгеннен кейін ғана кемінде 2-2,5 метр көшет отырғызуды көздейтін жаңа тәсіл қолданылады, - деді қала басшысы.

Осы ережелердің және 34 скважиналар мен су қабылдағыштарды салу арқасында жасыл желектерді автосуарумен қамту 2022 жылы 132 гектардан 4,4 есеге, яғни 587 гектарға дейін ұлғайды. Қаланы көгалдандыру үшін жыл басынан бері 291 мың ағаш пен бұта отырғызылды. Санитарлық мақсатта 2,3 млн ағаш өңделді.

Нәтижесінде, 2023 жылы Іле-Алатау ұлттық паркінің жасыл желектерін есепке алмағанда, жасыл желектердің алаңы 11,3-тен 12,3 шаршы метрге дейін ұлғайды.

Оқи отырыңыз: Биыл Алматыда 17 жаңа мектеп ашылды