Алматы қаласында тұрақты тіркелген тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнаған жобаларға дауыс бере алады
Алматыда 21 қазан мен 09 қараша аралығында «Бюджетке қатысу» қалалық жобасы аясында Алматыны абаттандыру бойынша тұрғындардың ұсыныстары үшін дауыс беру өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтінімдерді жинау басталды. «Бюджетке қатысу» жобасы Алматының 8 ауданының әрқайсысына қалалық бюджеттен 800 млн теңгеден (жобаның жалпы сомасы 6,4 млрд теңге) бөлуді көздейді. Бір жобаның ең жоғары құны 58,3 млн теңгеден аспауы тиіс.
Дауыс беруге алматылықтардың 485 бастамасы жіберілді. Ең көп өтінім Алмалы (107), Түрксіб (77) және Наурызбай (68) аудандарын абаттандыру бойынша келіп түсті. Одан кейінгі кезекте Алатау (65), Әуезов (47), Жетісу (45), Медеу (41) және Бостандық (35) аудандары.
Қала тұрғындарының жобаларының ішінде: автоматты суару жүйесі мен ауыз су колонкаларын орнату; қоқысты жер астында жинау жүйелерін орнату;
балалар ойын мен спорт алаңдарының құрылысы, иттерді еркін серуендетуге арналған алаңдар; саябақтар мен қоғамдық орындарды абаттандыру; жолдардағы бөлу жолақтарын көгалдандыру және т. б. бар.
Алматы қаласында тұрақты тіркелген тұрғындар ғана таңдау жасап, ұнаған жобаларға дауыс бере алады. Ыңғайлы болу үшін онлайн және қағаз түрінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Қағаз түрінде аудандық әкімдіктерге немесе Open Almaty фронт-офисіне (Абай даңғылы, 90) барып дауыс беруге болады.
Онлайн-дауыс беру үшін:
1. budget.open-almaty.kz порталында «Дауыс беру» бөліміне өту;
2. ұнаған 3-тен (үш) артық емес жобалық ұсынысты таңдау;
3. дауыс беруді растаудың ыңғайлы тәсілін таңдау қажет – ЭЦҚ немесе ЖСН (SMS-код) арқылы.
Қағаз түрінде дауыс беру үшін:
1. кез келген аудан әкімдігіне (сағат 09.00-18.00, үзіліс сағат 13.00-14.00) немесе Open Almaty фронт-офисіне (сағат 09.00-18.00) баруға болады, өзіңізбен бірге жеке басты куәландыратын құжат болуы қажет;
2. жергілікті жерде берілген қағаз форманы толтыру;
3. толтырылған форманы дауыс жинау жәшігіне салу қажет.
Жобалық ұсыныс іске асыруға жіберілуі үшін Алматыда тұрақты тіркелген тұрғындардың 10-нан астам дауысын жинауы тиіс. Бір тұрғын 3 (үш) жобалық ұсынысқа ғана дауыс бере алады.
Айта кетейік, «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасын Қазақстанда алғаш рет 2019 жылы Алматы қаласының әкімдігі жүзеге асырды. Қала бюджетін неге жұмсау керектігін ашық талқылау және дауыс беру арқылы алматылықтардың өздері анықтады. Қала тұрғындарының бастамаларына Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, сарапшылар, мәслихат депутаттары, ҮЕҰ өкілдері өз бағасын берді.