Мәскеу дәрігерлері алматылық әріптестерінің біліктілігін жоғары бағалады

23.07.2020 19:39

Бақытжан Сағынтаев шетелдік әріптестермен байланыс одан әрі жалғасатынын айтты

ru.oxu.az

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәскеулік дәрігерлердің алматылық әріптестерінің жұмысын қалай бағалағанын атап өтті. Бұл туралы  әкім «Алматы» телеарнасының Akimat Live бағдарламасында  өткен тікелей эфирде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз коронавируспен күрес кезінде Мәскеу мэриясына хабарластық. Мәскеулік әріптестерімізді өзара тәжірибе алмасу мақсатында шақырдық. Біздің ұсынысымыз жерде қалған жоқ. 25 маман Алматыға келіп, 2 аптадай жұмыс істеді. Олар Алматыдағы барлық ауруханада аудит жүргізді. Ресейде сәуір-мамырда ахуал қиын болатын. Біз өтіп жатқан қиындықты олар сол айларда бастан өткерген болатын», – деді әкім. 

Қала әкімінің айтуынша, мәскеулік дәрігерлер эшелондау тәртібі туралы ұсыным берген.

«Бастапқы кезде оларда да орын жетіспеушілігі болған. Олар науқастарды қабылдайтын ауруханаларды эшелонға жіктеп барып процесті тұрақтандырған. Мәскеулік әріптестеріміз біздің мамандардың біліктілігін жоғары бағалады. Алматылық реаниматолог пен инфекционистердің дайындығы өте жақсы», – деді қала басшысы. 

Бақытжан Сағынтаев шетелдік әріптестермен байланыс одан әрі жалғасатынын айтты.