Магистральдық көшелер мен аялдамалар тазартылды
Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаевқа тротуарлар мен жолдарды қардан тазарту сапасы жайлы сұрақ қойылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жауабы:
- Көлік кептелісі, көлік легінің тығыздығына қарамастан бірер күн бұрын жауған 27 см қарды күреуде сапалы жұмыс істеп жатырмыз. Магистральдық көшелер мен аялдамалар тазартылды. Тротуарлардың қарын жинауды аяқтап келеміз. Мен қаланы үнемі аралаймын, әсіресе қар жауғаннан кейін көшедегі қар шығару жұмыстарын тексеріп шығамын. Кеше таңертеңгі сағат 8-де қар тоқтаған кезде, қарбалас уақыт басталғанға дейін бәрін жинап үлгере алмадық (артық трафик жасамас үшін қарбалас уақытта қар күрейтін техникалар магистральдарда жұмыс істемейді - ред.). Жұмысшылар қар жинауға шықты, жұмыс тоқтамады. Бір түннің өзінде қаладан 10 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Естеріңізге сала кетейік 16 қаңтарда сағат 22:30-дан 17 қаңтарда таңғы сағат 09:00-ге дейін Алматыда қар жауды. Түнде жауған қар 30 қар тиегіш, 11 автогрейдер және 83 өзі түсіргішпен шығарылды. Қазір жол шетіндегі жиектастардың қарын шығару жұмыстары күшейтілді. Қар жауа бастағалы бері көктайғаққа қарсы 3177 тонна материал пайдаланылды. 430-дан астам жинау машиналары тротуарларды, жалпы пайдалану орындарын, әлеуметтік маңызы бар нысандардың кіреберісін тазалайды. Аялдамалар мен жерүсті өткелдеріндегі қарды шығаруға 1 110 жұмысшы жұмылдырылған.
Оқи отырыңыз: Алматыда көпірлердегі деформациялық ақауды жөндеуге неміс технологиясы қолданылады