Алматыға Премьер-министр жұмыс сапарымен келді

17.06.2022 20:58

Қаладағы әлеуметтік нысандарды аралады

Almaty.tv

Алматыға Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен келіп, әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімі Ерболат Досаев Үкімет басшысына алдымен ІТ-кластерді таныстырды. Жуырда ғана ашылған MOST IT Hub Almaty орталығы инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Мұнда технологиялық стартаптарды қолдау бағдарламалары мен инвесторлардың қатысуымен тақырыптық іс-шаралар өткізіледі. Өз кезегінде премьер-министр IT-кластерді дамыту экономикалық мүмкіндіктер ашатынын, бұл ретте өзге өңірлер Алматыны үлгі етіп жұмысты әрі қарай күшейту қажеттігін атап өтті.

«Мұндай орталықтар қазір дер кезінде ашылып жатыр. Өйткені бүкіл әлемде цифрландыру саласына сұраныс күн санап артып келеді. Кез келген салада ІТ-шешімдер қабылдануы керек. Мемлекеттің барлық ақпараттық жүйесін бір платформаға топтастыруды көздеп отырмыз. Сондықтан ІТ-хабтардың жемісті жұмыс істеуі үшін бар жағдайды жасап жатырмыз», – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Бұдан соң Әлихан Смайылов ересектер мен балаларға арналған амбулаториялық-емханаға барды. Орталық соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Емделуге қажетті барлық құрылғы мен кабинеттері бар. Осы ретте Үкімет басшысы дәрігерлерді келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады. Әрі қарай «Жас маман» жобасы аясында оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықталған Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжіне барды. Бұл – қалалық көлік үшін кадрлар даярлайтын жалғыз колледж. Білім ордасымен танысқан Премьер-Министр «Қала әкімдігі қаладан тыс жерлерден келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет» деді.

«Токарь мамандығы бойынша дәнекерлеу, қалалық жолаушылар таситын көліктерді жөндеу, электр жарығын, шанақтарын жөндеуді үйренеді. Балаларға барлық жағдай жасалған», – деді Алматы жолаушылар көлігі және технологиялар колледжінің директоры Сейітбек Сүлейменов.