Қазір Алатау ауданда 20 мемлекеттік және 153 жекеменшік балабақша бар
Мегаполистің Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мектептер, балабақшалар мен медициналық пункттердің салу жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Азамат Қалдыбековтың айтуынша, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан Алатау ауданында жаңа мектептер мен балабақшалар құрылысы сұранысқа ие, мұнда жаңа шағын аудандар пайда болып, тұрғын үй кешендері салынып жатыр.
«Біз үшін қала тұрғындарына жайлы өмір сүру жағдайын жасау ғана емес, сонымен қатар жас ұрпаққа заманауи білім беру үдерісін ұйымдастыру өте маңызды. Бұл мәселені жүйелі түрде шешіп жатырмыз. Әзірге ауданда 26 мемлекеттік және 2 жекеменшік мектеп бар, онда 47 060 адам оқиды. Оқушылар орындары жетіспейді, біз оны 7800 орындық 5 мектеп салу арқылы шешетін боламыз», – деді А. Қалдыбеков.
Саялы шағын ауданында жаңа мектептер пайда болады - 1800 орынды, Томирис, Нұркент, Дархан, Рахат-Мәдениет шағын аудандарында - әрқайсысы 1500 орынды. Құрылыстың аяқталу мерзімі - 2022 ж.
Шапағат шағын ауданында 600 орынды №150 мектептің жаңа ғимаратын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта жер телімдерін қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Шілдеде асхана, медиатека мен спорт залы орналасқан 125 орынды №166 мектептің қосалқы ғимараты пайдалануға берілді.
Мектепке дейінгі мекемелерде орын жетіспеушілігі мәселесі шешіліп жатыр. Қазір Алатау ауданда 20 мемлекеттік және 153 жекеменшік балабақша бар.
«2021 жылы 2 балабақша салу жоспарлануда. Нұркент шағын ауданында - 320 орынға және Саялыда - 280 орынға», – деп жалғастырды сөзін аудан әкімі.
Сондай-ақ, А. Қалдыбеков ауданда қандай медициналық мекемелер салынатынын айтты. Әзірге Алатау ауданында 5 мемлекеттік және 2 жеке медициналық мекеме жұмыс істейді. Барлығы 240 мың адам бекітілген. Ақбұлақ, Томирис, Түркістан, Шапағат, Рахат-Мәдениет шағын аудандарында 5 дәрігерлік амбулатория бар.
«Біз медицина саласын қолдауға және алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуге көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Басқаша айтқанда, сапалы медициналық қызмет көрсету және олардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Саялы шағын ауданында ауысымына 200 келушіге арналған бастапқы медициналық-әлеуметтік көмек орталығы салынады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, Қарасу шағын ауданында сол орталықтың құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда», – деді А. Қалдыбеков.
Алатау ауданындағы Дархан шағын ауданында қыркүйекте №25 қалалық емхана аумағында модульдік КТ орталығын орнату жоспарлануда.
Сөзінің соңында А. Қалдыбеков Нұркент шағын ауданында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Жұқпалы аурулар ұлттық ғылыми орталығы ғимаратының құрылысы басталғанын айтты.