Шаһар басшысы аудан бюджеті 2024 жылы 12,3 миллиардқа ұлғайғанын жеткізді
Алматының Алмалы ауданында жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5,3 пайызға өсіп, 4 мыңнан аса тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Ал салық түсімі 16 пайызға артып, 225 миллиард теңгеге жеткен. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ шаһар басшысы Алмалының бюджеті 2024 жылы 12,3 миллиардқа ұлғайғанын жеткізді. Жиында аудандағы инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқаны да сөз болып, 10 көшеде жөндеу аяқталып қойғаны айтылды. Ал ұзындығы 5,3 шақырым болатын тағы 11 көшедегі желілерді жаңарту жұмысы қарашаға дейін мәресіне жетпек. Сонымен қатар ауданның 2,6 мың тұрғынын сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін Түркебаев көшесінде 30 жылдан аса пайдаланылған магистральдық желілерді қайта жаңарту жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталатыны жеткізілді.
«Бүгінгі таңда аудандағы электр желілерінің 60% астамы тозған, сондықтан авария тұрақты болып тұрады. «АЖК» акционерлік қоғамы 2024 жылы Райымбек – Наурызбай батыр – Мәметова – Сейфуллин көшелері арасында 1,3 км электр беру желілерін реконструкциясын аяқтады. Ал Жамбыл – Әуезов – Абай – Розыбакиев көшелерінің арасындағы тағы 6,4 км электр желілерін салу және реконструкция жұмыстары жалғасуда. Осы жылдың қазан айының соңына дейін аяқтаймыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Сондай-ақ шаһар басшысы биыл ауданның 38 көшесінде 21 шақырым ескі кабель желісінің жаңғыртылғанын және жыл соңына дейін 5 мыңға жуық жарық шамды модернизациялау жоспарланғанын айтты. Жиында көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша да жұмыстардың қарқынды жүріп жатқаны сөз болып, 14 көшеде орташа жөндеу аяқталғаны жеткізілді. 2,3 километр жаяужол да жабдықталып, 2 шақырым арық желісі салыныпты. Ал жыл соңына дейін 47 мың шаршы метр жол төсемі жөнделмек екен. Басқосуда биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысында салынып жатқан 1 жарым мың орындық оқу ордасының құрылысы аяқталатыны және 13 балабақша жөнделетіні белігілі болды. Тіпті ауданда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жаңа оңалту орталығы да салынбақ.
«Сайран көлін абаттандыру да жалғасып жатыр. Негізгі жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанында аяқталады. Ал жасыл желек отырғызу 2025 жылдың көктеміне жоспарланған. Сондай-ақ биыл желтоқсанына дейін Әлия мен Мәншүк атындағы скверлерді абаттандыру, сондай-ақ 3 субұрқақты реконструкциялау жұмыстары аяқталмақ. Ал қыркүйекте Панфилов көшесін Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолы көшесіне дейін абаттандыру басталады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Оқи отырыңыз: Алматының Алмалы ауданында салық түсімі 16%-ға өсті