Шырша мерекесіне келген бүлдіршіндерді Президент атынан шаһар әкімі құттықтады
Алматыда дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Салтанатты іс-шараға 300-ге жуық ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасының балалары мен дарынды оқушылар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мерекелік бағдарламаға келген кішкентай қонақтар Мемлекет басшысы атынан сыйлық алды. Шырша мерекесіне келген бүлдіршіндерді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан шаһар әкімі Ерболат Досаев құттықтады.
Биыл ұйымдастырылған салтанатты іс-шара «Жаңа жыл республика төрінде» деп аталды. Мерекелік бағдарлама аясында Аяз ата, Ақшақар, 2024 жылдың символы айдаһар және танымал мультфильмдердің кейіпкерлері мен аниматорлар театрландырылған қойылым көрсетті. Сондай-ақ биылғы шыршаны оқушылар безендіріп, жаңажылдық тілегін айтты.
– Балаларымыз бүгінгі шыршадан өте керемет көңіл күймен қайтады деген сенімдеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына рақмет айтамын! Жылда балаларға көңіл бөліп, жоғары деңгейде кеш ұйымдастырылады. Балаларымызға және ата-аналарға жақсы көңіл күй тілеймін, – деді Білім басқармасы бөлімінің басшысы Бейбітгүл Тәжиева.
– Жаңажылдық іс-шара ұнады. Мен сияқты дарынды балаларға, олимпиада жеңімпаздарына арнап Президент шыршасы өтіп жатыр. Мың алғыс айтамын. Мен бүгін Гарри Поттердің киімін кидім. Ол маған өте қатты ұнайды, сондықтан осы кейіпкерді таңдадым, – деді оқушы Ерасыл Жолан.
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл: Алматыда 60-қа жуық шырша қойылды