Ота 35 минутқа созылып, сәтті аяқталды
Үйінде құлап, күрделі жарақат алған 97 жастағы әжейді Алматы қаласы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының тәжірбиелі травматологтары аяққа тұрғызды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Болған жай туралы травматология бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог дәрігер Берік Иргалиев айтып берді.
«Әжейді жедел жәрдем көлігімен қабылдау бөліміне жеткізгеннен кейін, оған қажетті барлық тексеру жасалып, жамбас сүйегінің жабық сынығы диагнозы қойылды. Оның үстіне науқаста ілеспе аурулар болды, атап айтқанда: артериялық гипертензия, миокард инфарктісі және митральді қақпақшаның жеткіліксіздігі. Бұның бәрі науқасқа ота жасауға кедергі болды», - дейді травматолог.
Дегенмен, дәрігерлердің шеберлігі мен кәсіби біліктілігінің арқасында әжейге жамбас буынын толық ауыстыру бойынша өте күрделі ота жасалды. Дәрігерлердің бұл тәукелге баруының бірден бір себебі - әжейдің өздігінен жүріп-тұруына мүмкіндік берудің жалғыз амалы болды. Ота 35 минутқа созылып, сәтті аяқталды.
Отадан кейінгі келесі күні-ақ әжей жарақаттанған аяғына сүйеніп тұра алды.
Дәл осы жағдай заманауи имплантат пен әр түрлі әдіс травматологтар мен ортопедтерге науқастың ең күрделі мәселесін шешуге мүмкіндік беретінінің жарқын мысалы болды.
ОҚКА дәрігерлерінің тәжірибесі мен кәсібилігінің арқасында ең күрделі жағдайдың өзі сәтті шешімін табады.
Науқас әжейдің жағдайы мен оның жасы сапалы медициналық көмекке кедергі келтірмейтінінің дәлелі болды.
Ең ауыр деген жағдайдың өзінде медицина сауығып кетуге үміт береді.