Алматыда алғаш рет түрік университеттерінің жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жамбыл Жабаев атындағы кітапханада ұйымдастырылған көрмеде бауырлас елдің жоғары оқу орындары өздерінің бағдарламасын таныстырды. Онда келген қала жастары шетелдік білім ордалары туралы ақпар алды.
– Іс-шараның мақсаты – екі ел жастарының білім алмасуына жағдай жасау. Бауырлас елміз, мәдениетіміз ұқсас, дініміз бір. Ал мәдениет саласының қызметкері ретінде бастаманы қолдауға міндеттіміз. Түркия мемлекетімен бірлесе жүзеге асырар жоба көп. Соның бірі – кітапханалар жұмысын модернизациялау. Оқырмандарға аптасына 7 күн, тәулік бойы есігіміз ашық болмақ, – деді «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Мейрам Бектембаев.
Айта кетейік, іс-шараға Түркия мемлекетінің Алматыдағы бас консулы Эврен Мудеррисоглуның өзі қатысты. Көрменің шымылдығын ашқан мейман жәрмеңке екі тараптың мәдени ынтымақтастығын арттыра түсетінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Алматы күні: «Асыл мұра» дәстүрлі музыкалық кеші өтті