Халықаралық тәжірибе ескеріледі: Алматыда көлік қатынасын дамыту мәселесі қаралды

29.05.2024 19:58

Конференцияға 20 елдің өкілі қатысты

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

2025 жылға қарай Алматыда 300 мың адам қоғамдық көлікпен қатынайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ал 2030-да көрсеткіш 900 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы қаласын дамыту орталығында өткен халықаралық жиында белгілі болды. Біріккен Ұлттар ұйымының Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясымен біріге ұйымдастырылған конференция 20 елдің басын біріктірді. Олар қоғамдық көлікке қатысты әлем елдерінде қалыптасқан ортақ мәселелерді, тың идеяларды талқылады.

- 2022 жылы біз Алматы қаласының 2025 және 2030 жылға қарай қалай өзгеретіні жайлы бағдарлама жасап шыққан едік. Бұл - қаланың қандай бағытта дамитыны жайлы нұсқау беретін негізгі құжат. Негізгі 7 тақырыпты қамтиды. Олардың қатарында «Жасыл Алматы», «Алматы смарт-сити», «Қауіпсіз Алматы», «Әлеуметтік тұрақтылықты қалыптастыру» сынды бірқатар бастамалар бар. Соның бір тармағы - қоғамдық көліктің дамуы мен цифрлануына қатысты. Біз 2030 жылға қарай қоғамдық көлікті пайдаланушылардың санын 900 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз, - деді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрағасы Андрей Шовкопляс.

Жиында қаладағы кептелісті мейлінше азайту үшін Алматыда метро стансалары мен аялдамалардың саны артатыны айтылды. Сондай-ақ 2025 жылға қарай экологияға кері әсерін тигізбейтін 1000-нан аса автобус сатып алынатыны сөз болды. Тұрғындар мен қала қонақтары қоғамдық көліктің әр түрін таңдап мініп, еркін қозғалуы үшін шаһардағы автобус жолақтары да ұзартылады. Ал 2030 жылы Райымбек даңғылында ЛРТ жүйесі іске қосылады деп жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, мамандар қоғамдық көлікті цифрландыру жайын да талқылады. Әлем елдері Алматыдағы «Оңай» платформасының жұмысына қызығушылық танытты. Себебі, шаһардағы қоғамдық көлікті пайдаланушылардың 85%-ы осы жүйеге жүгінеді екен. Алматы қаласын дамыту орталығының өкілдері Оңтүстік Корея, АҚШ, Қытай, Үндістан мемлекеттеріндегі тәжірибелерді біздің елде қолданудың маңыздылығына да тоқталды.

- Біріккен Ұлттар Ұйымының келтірген мысалы: Үндістанның бір қаласында қоғамдық көлікті пайдалану үшін ақша төлемей-ақ, пластикалық бөтелке әкелсең қоғамдық көлікпен көздеген жеріңе жетуге болады екен.  Сол тәжірибе бізге қызық болды. Біз қарастырып мүмкін, біздің қаламызға да енгізу жолдарын ойластырармыз, - «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ғабдуллина.

Оқи отырыңыз: Абаттандыру және көгалдандыру: Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасады