|
20.01.2022 | 18:56
1248

2022 жылы Алматының шеткі аудандарында жол мен ауыз су мәселесі шешімін таппақ

Сондай-ақ қосалқы станциялар құрылысы аяқталса, 400 мың тұрғын сапалы электр желісімен қамтылады

2022 жылы Алматының шеткі аудандарында жол мен ауыз су мәселесі шешімін таппақ Фото: ашық дереккөзден


Биыл Бұқтырма тас жолы бойындағы Құлжа жол айрығының құрылысы аяқталады. Сондай-ақ Сейфуллин-Жансүгіров көшелері қиылысындағы қозғалыс та қолданысқа берілмек. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев онлайн режимде өткен қала активінің отырысы кезінде баяндады. Мегаполис басшысының сөзінше, биыл коммуналдық қызметтерді жандандыру мен елдің әлеуметтік мәселесін шешу де басты назарда тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      


 Көгілдір отын мен электр желілері, ауыз су мен кәріз жүйесі. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартрудағы әлеуметтік маңызды басым бағыттар. Әсіресе қаланың шеткі аудандары саналатын аймақтарда бұл кезек күттірмей шешілуі керек мәселе. Бақытжан Сағынтаев өз баяндамасында бұл салаларға ерекше тоқталды. Шағынаудандардағы жаңа жол салу жұмысы биыл да жалғасатынын айтты. Алғабас, Әлмерек, Қайрат секілді аймақтарда ұзындығы 100 шақырым болатын жаңа тас жол төселмек. Сонымен бірге әкім қаладағы шұрық-тесік болып тозығы жеткен көшелерге де күрделі жөндеу жүретінін атап өтті. Алматыда мұндай 224 көше бар.

«2021 жылы қала аумағында 424 шақырым болатын электр желілері қайта жаңартылды. Сондай-ақ 2 024 көше жарықтандырылды. Бұл жұмыстар биыл да белсенді жүргізіледі. Атап айтсақ, Бостандық ауданы мен Түрксібтегі екі қосалқы станцияның құрылысы аяқталады. Нәтижесінде аудандағы 400 мың тұрғын сапалы әрі үздіксіз электр желісімен қамтылмақ. Сонымен бірге 1066 көше мен 486 аулаға жаңадан жарық шам орнатылатын болады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ өткен жылы бірнеше жылдан бері үйлеріне көмір тасып, күл шығарған тұрғындардың көгілдір отынға қолы жетті. Бүгінде қала халқының 99 пайызы газбен қамтылған. Ал қосылмай қалған 1 497 үйдің мәселесін биылдан қалдырмай шешу керек деді әкім. Шеткі аймақтағы тұрғындарды ауыз сумен қамту да басты мәселе. Биыл Ақсай өзені мен Ерменсай шағын аудандарында су қоймаларының құрылысы басталады. Нәтижесінде Ақжар, Нұрлытау, Ремизовка мен Таужолындағы тұрғындарға ауыз су жеткізіледі. Одан бөлек Қарғалы су қоймасының құрылысы да жүргізіліп жатқаны белгілі. 

Қарғалы су қоймасында қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысан қазір 70 пайызға дайын. Су қойма пайдалануға берілсе Наурызбай ауданының 50 мың тұрғыны тұрақты ауыз сумен қамтылмақ. Таудан аққан су осындай резервуарларға келіп құйылып, тазартылады. Құрылғы тәулігіне 15 мың текше метр суды тазалауға қауқарлы.

Сонымен қатар қала әкімі мегаполистегі байланыс құрылымдары мен интернет желілерін жаңарту мәселесін де көтерді. Пандемия кезеңі мұның бізге қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Өткен жылы инвесторлардың көмегімен ұзындығы 500 шақырым болатын оптикалық желілілер салынды және 1800 шақырым кабель төселді. Соның нәтижесінде Түрксіб пен Наурызбай ауданының тұрғындары жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізді.

«Былтыр пандемия кезіндегі онлайн оқыту барысында біз қатты қиналып кеттік. Интернет біздің ауданда нашар ұстайтын. Қазір интернет дұрысталып, бізге жақсы болды. Балалар сабақтарын еркін оқиды», – дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Қарлығаш Берденова.

Қала әкімі бұл жұмыстардың биыл да жалғасатынын айтты. Алатау мен Бостандықтағы 23 шағын ауданында интернет жылдамдығын күшейту көзделген. Сонымен бірге әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға тегін қосып беру мен жеңілдіктер қарастырылған.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир