Алматыда жыл соңына дейін 600 көшеге жарық шамы орнатылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Былтыр қала бойынша мүлде жарығы болмаған 1423 көшеге шам орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жыл соңына дейін 601 көшеге жарық шамы орнатылады. Қазір бұл жұмыстың 87 пайызы орындалыпты. Әуезов ауданына қарасты Елемесов көшесіндегі жарық шамдар да қайта жаңарды. Ал осы шамдардың істен шығып қалмауын бақылау мақсатында әкімдік өкілдері мердігер ұйыммен бірігіп тексеріс жүргізеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұған дейін жауапты мамандар Әуезов ауданындағы 11 көшенің жарығы жаңа шамдарға ауыстырылады деген еді. Алайда тексеріс кезінде кей көшелерде шам сөніп тұрғанын байқаған жауаптылар бұл түйткілдің оң шешілуін талап етті.             

«Істен шыққан жарық шамдарын анықтадық. Мердігерлерге бұл мәселені жақын арада шешуді тапсырдық», – деді «Алматы Қала Жарық» МКК басшысының орынбасары Мақсат Батхан.

Ал Шаляпин көшесінде жарық шамдарының бірі жанса, бірі жанбайды. Алтынсарин көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы тас қараңғы болып тұр. Мердігерлер көше шамдарының істен шығуының өзіндік себептер бар дейді. Олқылықтың 5 жұмыс күні ішінде түзелетінін айтты.

«Ауыстыратын жердің бәрін ауыстырып, жарықтаныдырып жатырмыз. Мұндай жағдай мұның алдында да болған, толық жағып шыққанбыз. Желілер ескіргендіктен қайта өшіп қалды. 5 күнде қайта қалпына келтіреміз», – деді мердігер компанияның өкілі Айдос Сатымбаев.

Сыртқы жарықтандыру желілері мен жарық нүктелерінің зақымдануы мәселесі бойынша аудан аумағы толық тексеруден өтті. Жауаптыларға бұл істе жауапкершілік таныту міндеттелді.

«Аудан аумағындағы магистральді көшелерде, жаяу жүргіншілер жолындағы бірнеше жарық шамының жанбай тұрғаны анықталды. Атап айтсақ, Төле би, Өтеген батыр, Шаляпин, Алтынсарин көшелеріндегі жарық шамдарының істен шыққаны анықталды. Бұл жұмысты алдағы уақытта қадағалаймыз», – деді Әуезов ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімінің бас маманы Әсет Жапақов.

Былтыр қала бойынша мүлде жарығы болмаған 1423 көшеге шам орнатылды. Осылайша, Алатау ауданында – 413, Жетісу ауданында – 84, Наурызбай ауданында – 312, ал Түрксіб ауданында 614 көше жарықтандырылды.

Оразай Нұртай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров