Алматыда қала күніне орай өткен айтысқа Ерболат Досаев анасымен барды

Қазірет Бердіхан
Қазірет Бердіхан
Айтыс тізгінін Ринат Заитов ұстады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы күніне орай Алматы қаласы әкімдігі, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен және айтыскер ақын Ринат Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Алатау» театрында жекпе-жек айтыс өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтысқа қала әкімі Ерболат Досаев анасымен барды. Сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты өнер саңлақтары да тамашалады. Қазылар алқасының құрамында Серік Қалиев, Бақыт Беделхан және Мақсат Ақанов болды. Айтыс тізгінін Ринат Заитов ұстады. Алдымен сахнаға Абай облысынан «Мәңгілік ел – менің елім» жыр мүшайрасының жеңімпазы, «Жұлдызды жекпе-жек» айтыс шоуының көрермен көзайымы Айшолпан Тілеутай мен Орал қаласынан республикалық айтыстардың жеңімпазы Мұрадым Мирланов шақырылып, көрермендерге  ерекше көңіл-күй сыйлады. 

Жекпе-жек айтыс Алматы қаласынан республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, Асыл домбыра – 2021 иегері Қазірет Бердіхан мен Кереку өңірінен республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, Алтын домбыра, Барыс орденінің иегері Аспанбек Шұғатаевтың арасында өтті.  

Бұл айтыста  Қазірет Бердіхан басым түсіп, 3 миллион теңгені қанжығаласа,  Аспанбек Шұғатаевқа  1,5 миллион теңге бұйырды. 

Жеңімпаз Қазырет Бердіхан бұл айтысты 20 жыл күткенін айтады. 

«Көптен күткен жекпе-жек айтысымыз аяқталды. Бұл айтыс туралы Ринат Зайтов ағамыз бірнеше жылдан бері айтып келген еді.  Екі ақынның айтысына бола ел жиналама деген күдіктің күл-талқаны шықты. Зал көрерменге лық толды. Жұмыс күні сағат 15:00-дегі айтысқа мұнша көрермен жиналғанына таңғалдық. Екі сағаттық айтыс 20 минуттай жылжып өте шықты деп айызы қанып, арқаланған ағайынның ықыласын сезіндік. Айтысқа келген игі-жақсыларға, қазылық еткен Серік Қалиев, Бақыт Беделхан, Мақсат Ақанов ағаларға рахмет! Осы шараның негізгі ұйытқысы Ринат ағамызға,«Алатау» дәстүрлі өнер тетарының ұжымына, осы бастаманы қолдап, тіпті анасымен бірге айтысқа келген қала әкімі Ерболат Досаев мырзаға рахмет! Қала күні мерекесінде айтыс міндетті түрде болу керек деп табандылық танытқан ел азаматтары Арман Қырықбаев, Ғани Майлыбаев ағаларға рахмет!» - деді Қазірет Бердіхан.

Еске сала кетейік, 17-18 қыркүйекте Алматыда қала күні мерекесіне орай түрлі мәдени іс-шара өтеді. Күні кеше ғана Жәнібек Кәрменов атындағы «Ән-Алматы» республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтіп, жеңімпаз көлік ұтып алды. 

Новости партнеров