|
06.11.2020 | 15:10
3006

Алматыда 10 мыңнан аса алматылық ЖҚЖК бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан

Қалада барлық аудан бойынша 160-қа жуық түрлі бағыттағы жоба жасалды

Алматыда 10 мыңнан аса алматылық ЖҚЖК бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан Almaty.tv

10 мыңнан аса алматылық «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында екі қолға бір күрек тапқан. Жалпы қалада барлық аудан бойынша 160-қа жуық түрлі бағыттағы жоба жасалды. Бүгінде басым бөлігінде жұмыстар аяқталып, халықтың қолданысына берілген. Аталған бағдарламаның ұтымды тұсы сол қатаң карантин кезінде жұмыссыз қалғандарды еңбекпен қамту. Толығырақ  Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.

Алматылық Ержан Оспанқұлов төтенше жағдай кезінде уақытша жұмыссыз қалған. Екі қолға бір күрек табу мақсатында жұмыспен қамту орталығына жүгініпті. Кейін мамандар оны «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы құрылыс нысанына жұмысқа орналастырған. Қазір ол бригадамен бірге әскери бөлімнің құрылысына атсалысып жатыр.

«Маған жұмыс болса болды. Оны жеңіл-ауыр деп бөлмеймін. Мен бұзудан бастап, қоқыс тасу, кірпіш қалау тіпті кейде кафель де жабыстырып жүрмін. Мысалы, дәл қазір әктеушілерге нысан ішін ақтауға көмектесуге кірістім», – деді қала тұрғыны Ержан Оспанқұлов.

Медеу ауданында осы бағдарлама бойынша 7 нысанды қайта қалпына келтіру аяқталды. Жоба бойынша жасалған жұмыстарға көбіне балабақшаны жөндеуден өткізу мен саябақтарды қалыпқа келтіру кірді. Қазір тағы 2 жобаның жұмысы жалғасып жатыр. Осы бағдарламаның аясында 345 адам еңбекпен қамтылған.  

«Енді өздеріңіз көрген мына нысан Медеу аудандық қорғаныс басқармасына қарайтын ғимараты. Апатты жағдайда болған. Сондықтан күрделі жөндеу жүргізіп жатырмыз. Дәл осы нысанда 50 медеу ауданының тұрғыны еңбек етіп жұмыс жасап жатыр. Жұмыспен қамту бағдарлама аясында 5 балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргіздік», – деді Медеу ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Сәкен Аралбаев.

Ал Әуезов ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 44 жоба жүзеге асып жатыр. Бұл саябақтарды жөндеу, балалар алаңын ретке келтіру, бос жатқан аумақтарды көгалданыру және арық жүйелерін қайта жөндеу. Сондай-ақ, ауданда балалар мен жасөспірімдерге арналған 2 скейтпарк салынды.

«Біздің ауданда аталған бағдарлама аясында құны 7 миллиард теңге болатын жобаларға қаржы бөлінді. Сәйкесінше 3 жарым мың жұмыс орны құрылды. Оның 1700-ден астамы жұмыспен қамту орталығы арқылы келді. Олардың барлығы жұмыс іздеп жүргендер еді», – деді Әуезов ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Әлімжан Саяхмет.

Одан өзге, Наурызбай ауданында 32 жоба қолға алынып, 800 шақты адам жұмысқа тұрған. Түрксібте 23 жоспарланып, 18-і аяқталды. Сондай-ақ, Жетісу ауданында 10 жоба жасалса, Алатауда жалпы құны 3 миллиард теңге болатын 15 жоба жүзеге асып жатыр. Бостандық ауданында 9 жоба, Алмалыда бағдарлама аясында 1412 адам еңбекпен қамтылды. Оның 700-ден астамын жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алған.

Жадыра Омаржан, Аянрафи Нарикбаева, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы

НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ:

- 32 ЖОБА

- 1 МЛРД 750 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

- 785 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

ТҮРКСІБ АУДАНЫ:

- 23 ЖОБА

- 1000 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

ЖЕТІСУ АУДАНЫ:

- 10 ЖОБА

- 2 306,5 МЛН.ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

- 741 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

АЛАТАУ АУДАНЫ:

- 15 ЖОБА

- 3 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

- 2070 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

БОСТАНДЫҚ АУДАНЫ:

- 9 ЖОБА

- 656,9 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

- 436 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

АЛМАЛЫ АУДАНЫ:

- 12 ЖОБА

- 5,9 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

- 1412 ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир