Алматының Алмалы ауданында IT және креативті хаб салынып жатыр

15.09.2020 20:10

Білім орталығының жобасы француз бағдарламашысы, педагог Николя Садирак және 01 educational platform-мен ынтымақтастықта жүзеге асады

Almaty.tv


Алматыда сандық технология саласында жаңа қос нысана – бағдарламалау академиясы мен IT-кластер салынады. Алғашқысы биылғы жылдың соңына дейін қолданысқа беріледі деп жоспарланған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал екінші ғимараттың құрылысы  2021 жылы аяқталады деп күтілуде. Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс қарқынымен өзі барып танысып қайтты. Алмалы ауданында орналасатын IT мен креативті хабтың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды. Айта кетейік, білім ордасына арнайы емтихан тапсырғандар ғана қабылданатын болады.

«Онлайн емтиханның қорытындысы бойынша қанша адам қабылдайтынымыз белгілі болады. Ең алдымен, логикалық ойлау қабілетінің деңгейі анықталады. Кейін тапсырушы академияда әңгімелесуден өтіп, үшінші кезеңге жолдама алады. Негізі ең маңызды емтихан 1 айға дейін созылады. Ол бізде бассейн деп аталады. Әдеби тұрғыда айтылған сөздің астары сол, басында жүзуді үйрету үшін суға лақтырып жібереді, содан соң амал жоқ жүзуді өзі үйренеді ғой. Бұл да сол секілді. Осылайша 2 жыл ішінде олар мықты бағдарламашылардың деңгейінде білім алып шығады», – деді бағдарламалау академиясының құрылтайшысы Ердос Меңдібаев.

Акамедия  ашуға мұрындық болып отырғандардың сөзінше, білім ордасында кез келген ынта-жігері бар азамат өтінім тастап, оқи алады. Ол үшін міндетті түрде IT маман болудың қажеті жоқ. Айтпақшы, сабақ жасанды интеллекттің көмегімен өтеді. 2 жылға созылатын оқуды аяқтаған соң, түлектерді жұмысқа орналастыру қарастырылған. Дәл осы әдістеме бойынша білім беретін мекемелер бүкіл әлемде ашылған. Ал Қазақстанда бағдарламалаудың екі бірдей мектебі бар.

«Білім беру орталығы жобасы француз бағдарламашысы, педагог Николя Садирак және 01 educational platform-мен ынтымақтастықта жүзеге асады. Оның бірегейлігі сол, бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық оқыту алгоритмдері, киберқауіпсіздік, қосымшаларды әзірлеу оқытушысыз және дәрістерсіз жүргізіледі. Жасөспірімдер практикалық мәселелерді шешумен қатар, IT негіздерін өздігінен үйреніп, бұл салаға енді келгендерге көмектеседі. 1,5-2 жылдың ішінде 18-42 жас аралығындағы 800-ге жуық маманды даярлау жоспарлануда», – деді  Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.