«Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады

12.05.2022 20:11

Өтінім қабылдау 18 мамырда басталады

kn.kz

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев 12 мамырда Әуезов ауданы тұрғындарымен кездесу барысында «Алматы жастары» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасына құжат қабылдау басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл өтінім қабылдау 18 мамырдан бастап 1 маусымға дейін жалғасады.


Тұрғын үй бағдарламасының әлеуетті қатысушылары өтінімді сайтта(almaty-zhastary.kz) онлайн режимде бере алады. Ол үшін ЭЦҚ қажет, деп хабарлады бағдарламаның операторы "Отбасы банк".

Алматы әкімдігі мен "Отбасы банкінің" бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады. 


«Биыл Алматыда 1 мың жас отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Олар – медицина қызметкерлері, оқытушылар, ЖОО мен ҒЗИ оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органдарының мамандары», - дейді Ерболат Досаев.

Бұл бағдарлама арқылы үй сатып алу үшін 5% жеңілдікпен 25 жылға 18 млн теңге несие берілетінін айта кетейік. Дегенмен несие бастапқы салым ретінде үй алушы 10% сомасын төлеуі қажет.

Конкурсқа қатысу шарттары

"Алматы жастары" қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы алты айдан кем болмауы тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған мәдениет саласының өкілдері үшін Алматы қаласында кемінде бір жыл мерзімге тіркелген жұмыс істеп тұрған ЖК (ИП) болуы қажет.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.

almaty-zhastary.kz сайтында өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы әкімдігінің тұрғын үй саясаты басқармасы үміткерлердің тізімін, олар берген құжаттардың дұрыстығын тексереді және жиналған баллдарға сәйкес қатысушыларды іріктейді. Оларға некедегі жылдар саны, балалардың болуы, санаты бойынша үздіксіз жұмыс өтілі, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататындығы әсер етеді.

Ипотекалар пулы құрылған кезде оның барлық қатысушылары Отбасы банкіне жолдама алады. Онда төлем қабілеттілігін бағалаудан өту қажет. Тұрғын үй іздеуге банк қарыз беру туралы оң шешім қабылданған күннен бастап 45 күнтізбелік күн береді. Пәтерді Алматының бастапқы, сондай-ақ қайталама нарығынан, сондай-ақ қаланың салынып жатқан объектілерінен "Қазақстан Тұрғын үй компаниясы"АҚ кепілдігімен сатып алуға болады.