Алматының Түрксіб ауданында тозығы жеткен кәріз құбырлары ауыстырылды

28.08.2023 20:12

«Халық қатыстан бюджет» жобасының аясында ойын алаңы салынып жатыр

Almaty.tv

Алматының Түрксіб ауданында тозығы жеткен кәріз құбырлары ауыстырылды. Әкімдік өкілінің айтуынша, желіні жаңарту жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

1938 жылы құрылған Түрксібте кәріз құбырлары 1960 жылдары салынған. Өткен ғасырда жүргізілген желі қазіргі адам санына шақталмаған әрі тозығы жеткендіктен шіріп, қалдықтар сыртына төгіліп, өзен ластанған кездер де болған. Мұны аудан әкімінің орынбасары да жоққа шығармайды. Оның айтуынша, аумақта құбырлар жаңартылып, жөндеу жұмысы аяқталған.

– Кәріз құбырына 50 мыңдай абонент қосылып, пайдаланып отыр. Сәуірде басталған жұмыс бітті. Салынған құбырды қолданып отырмыз. Өткен аптада қостық, – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Айдос Бекетаев.

Ауданда «Халық қатыстан бюджет» жобасының аясында ойын алаңы салынып жатыр. Әкімдік дерегінше, оның құрылысына бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген. Қолданысқа 10 қыркүйекте беру жоспарланып отыр.

– Балаларымыз ойнайтын жер таппай жүретін. Себебі мұнда шаң шығып, қоқыс шашылып жататын. Өзім де қуанып тұрмын, – деді қала тұрғыны Тамара Никитина

Сондай-ақ жергілікті жұрт жылдар бойы мектеп пен балабақшаға батпақ кешіп өтіп жүрген Тбилисская көшесіне де жол салыныпты. Түрксібте 74 жыл тұрған Юрий Никулиннің айтуынша, кезінде қараусыз жатқан жерде саябақ салынған.

– Біздің жаңа құрылыста 600 үй бар. Ондағы баланың бәрі Тбилисская көшесімен жүретін. Онда жаяу жүргінші жолы болмаған еді, қазір салынды, – деді қала тұрғыны Юрий Никулин.

Түрксіб ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардан 520 ұсыныс түскен. Бүгінде соның 64-і орындалған. Әкімдік биыл 80 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр.

Оразай Нұртайұлы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы  

Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім беру қашан басталады