Олар тәулік бойы ашық
Күндізгі сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Алматыдағы халықты қабылдау пункттеріне 1132 адам жүгінген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала аумағында мұндай 384 орын бар. Олар тәулік бойы ашық.
«Жер сілкінген уақытта мектеп оқушыларын бірден сыртқа алып шықтық. 1-2-қабатты түгел аралап, тексеріп шықтық. Мектепте ыстық тамақ пен ыстық шәй қамтамасыз ететін асхана ашық. Жұмыс істеп тұр», – деді №69 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Орынгүл Қуандықова.
«Біз осы маңда жүргенбіз. Балам бірінші сыныпта оқиды. Соны күттім. Бір уақытта қатты дүмпуді сездік. Балалар бірден далаға шықты. Ешқандай дүрбелең де тумады. Мектеп төтенше жағдайға әзір екенін көрсетті», – деді ата-ана Елена Шульга.
Алматыда төтенше оқиғалар кезінде халықты жинайтын 384 пункт бар, олар – 229 мектеп пен 115 балабақша, 15 жоғары оқу орны, 20 колледж бен 5 стадион. Олар тәулік бойы азаматтарды қабылдауға дайын. Сейсмологиялық байқау және зерттеулер институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев азаматтардан сағат 16:00-ге дейін осы қабылдау пунктерінде қалуды сұрады.
Айта кетейік, егер қабылдау пунктерінің қайда орналасқанын білмесеңіз, 2ГИС қосымшасы арқылы өзіңізге жақын мекенжайдағы орынды анықтай аласыз. Немесе әкімдіктің және Төтенше жағдайлар департаментінің ресми сайтында мәлімет көрсетілген. Одан бөлек, көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберісіндегі ақпараттық QR-тақтайша арқылы қабылдау пункттерін табуға болады. Сондай-ақ қала әкімі Ерболат Досаев өткізген жедел штаб отырысында жауаптыларға осы қабылдау пунктеріндегі жағдайды бақылау тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Алматы метрополитені үш сағат көлемінде қайта іске қосылады