Биыл Сайран көлін абаттандыру жұмыстары аяқталады

17.05.2024 20:20

Қала әкімі қолданылатын материалдардың сапасына мән беруді тапсырды

Almaty.tv

Алматыда 30 жылдан астам жөндеу көрмеген сорғы стансасы қалпына келтірілмек. Нысан 500-ден астам тұрғыны бар 4 көпқабатты үйді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Жұмыс сапарымен Алмалы ауданын аралап шыққан қала әкімі Ерболат Досаев бұл шаруаны жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Сайран» су қоймасына жақын орналасқан бұл сорғы стансасы бүгінде апатты жағдайға жеткен. Алмалы ауданын аралауға шыққан қала әкімі Ерболат Досаев 37 жыл бұрын салынған нысанды дереу қайта қалпына келтіруге пәрмен берді. Себебі негізгі станса істен шыққан орында бүгінде 90 пайызға тозған резервтік сорғы жұмыс істейді.

Сондай-ақ алматылықтардың сүйікті орнына айналған Сайран көлінің жан-жағын абаттандыру жұмыстары биыл аяқталмақ. Мұнда демалуға арналған жарықтандыруы бар арнайы шатырлар, алаңқайлар орналастырылады. Шаһар басшысы ауқымды жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқанына көз жеткізіп, қолданылатын материалдардың сапасына мән беруді тапсырды. Осылайша жағалауды инфрақұрылымы дамыған толыққанды саябаққа айналдыру жоспарланып отыр.

– Биыл жауын-шашын көп болды, өзен-көлдерде су деңгейі көтерілді. Ауа райының қолайсыздығы жұмысқа кедергі келтірді. Соған қарамастан мердігерлер бекітілген мерзімге үлгеруге тырысып жатыр. Жағалаудың жан-жағын қоршай орналасатын бақтар пайда болды, – деді жобаның бас сәулетшісі Нелли Лаптева.

Сонымен қатар қала әкімі аудандағы «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы арқылы жөндеу жүргізілген алаңға ат басын бұрып, тұрғындармен жүздесті. Мұнда бөлінген сомаға көпшіліктің ұсынысымен көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, теннис, шахмат үстелдері, орындықтар орнатылған. Кездесу барысында Ерболат Досаев көпшіліктің ұсыныс-тілегін тыңдап, Райымбек – Сейфуллин – Төреқұлов – Мұратбаев көшелерінің маңындағы қираған нысандардың орнына жаңа қоғамдық кеңістік құруды тапсырды.

– Бұл жерде 58 жылдан бері тұрып жатырмын. Бірақ осы күнге дейін ауқымды жұмыстар жүргізілгенін көрмеппін. Өткен жылы өтінім беріп, байқауда жеңіске жеттік. Бәрі ойдағыдай қысқа мерзімде дайын болды. Игілігін көріп отырмыз, алғысым шексіз! – деді қала тұрғыны Серік Руханов.

Мегаполис басшысы жұмыс сапары аясында ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге арналған жаңа оқу корпусына да бас сұқты. Өткен жылдың соңында қолданысқа берілген ғимарат инклюзивті оқытуда озық деп танылған. Колледждің негізгі міндеттерінің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсетіп, сапалы білім мен кәсіби даярлыққа баулу.

– Инклюзивті білім берудің ішінде 23 студент инклюзивті топтарда оқиды. Қалғаны 165 студент ерекше білімді қажет ететін студенттер. Жұмыспен қамтимыз. Өндірістік орындар бар, тәжірибеден өтеді. Бір жыл колледже оқиды, арнайы цехта еңбекке баулимыз, – деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Маржан Жұмабай.

Қала басшысы «қолжетімді және сапалы әлеуметтік инфрақұрылымы бар тең мүмкіндіктер қағидатын енгізу – әкімдіктің басты міндеті» екенін атап өтті. Мұнда ерекше білімді қажет ететін студенттер жиһаз өндірісі, тігін ісі, киім модельдеу өндірісі сынды бірқатар мамандықта білім ала алады.

Жансая Олжабек, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ерболат Досаев күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды