Биыл Алматыда ұзындығы 8 шақырым жылу құбырлары жаңартылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сондай-ақ, қаланың 3-тен бір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған қазандықтар да жөндеуден өтеді. Қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған қанша үй бар?
Жаз мезгілі – жылу жүйелерін ауыстыру мен оларға күрделі жөндеу жүргізу қарқын алатын уақыт. Биыл да бұл шаруа жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Қазір қаланың 5 ауданында құбыр ауыстыру жұмыстары басталды. Олардың басым көпшілігі соңғы 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Әбден тозығы жеткен жылу желілерінде жиі ақау шығатын көрінеді.
«Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар ыстық судан ажыратылмайды. Ол үшін мердігер компаниялардың көмегімен арнайы құрылғы арқылы су қосып береміз. Мәселен құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аудандарда аурухана мен мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар бар. Бастысы осы ғимараттар назарға алынады», – деді «Алматы жылу жүйелері» ЖШС <асқарма бастығы Саят Жыңғылбаев.
Мамандардың айтуынша, ауыстырылып жатқан диаметрі 530 болатын мына құбырлар 30 жылға дейін жарамды. Сонымен қатар, жылыту маусымы кезінде апатты жағдайлардың азаюуына да септеседі.
Одан бөлек, Алматыдағы қазандықтар да қала тұрғындары үшін аса маңызды. Себебі, мегаполис жұртының 70 пайызы жылу электр стансасын пайдаланса, қалған 30 пайызына жылу осы қазандық арқылы беріледі. Қалада оның 84-і бар. Қазір оларға да күрделі жөндеу басталған.
«Биыл 3 қазандыққа жергілікті бюджет есебінен жөндеу жүргізіледі. Ауқымды жұмыс нәтижесінде олардың қуаты артып, жұмыс істеу қарқыны күшейеді. Мәселен, бұған дейін сағатына 45 гигакалория өндіретін құрылғылар 2 есеге дейін артып, 90 гигакалория өндіретін болады», – деді «Алматы жылу коммунэнерго» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Леденцов.
Айта кетейік, бүгінде қаладағы 1 млн 260 мың үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 634 мыңға жуығы жеке қазандықтың көмегімен үйлерін жылытады. Ал 1900 отбасы әлі пеш пайдаланады екен.
Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы